in

Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан парламенттік сайлауда жеңілгенін мойындады

Виктор Орбан Венгриядағы парламент сайлауында жеңілгенін мойындап, "оппозицияда болса да, елге қызмет ете беруге" уәде берді, деп хабарлайды DW-ге сілтеме жасаған astana24.com.

Сайлау комиссиясының мәліметінше, сайлау учаскелерінің 84,91 пайызындағы дауыстарды санағаннан кейін оппозиция жетекшісі Питер Мадьяр мен оның оңшыл-орталық "Тиса партиясы" 199 орынның 138-ін – жаңа парламенттегі дауыстардың үштен екісінен астамын иеленген болуы мүмкін.

Сайлаушылардың қатысуы рекордтық деңгейге жеткен. Дауыс беру учаскелері жабылардан жарты сағат бұрын олардың саны 77,8 пайыз болған.

Нәтиже жарияланғаннан кейін Орбан Будапештте жақтастарының алдында сөз сөйлеген.

"Қандай жағдай болмасын, біз тіпті оппозицияда болсақ та, елге қызмет етеміз. Міндет айқын: енді басқару ауыртпалығы біздің мойнымызда болмағандықтан, біз өз қоғамымызды нығайтуымыз керек", – деді ол.

Басылымның жазуынша, 62 жастағы Орбан 2010 жылдан бері билікте. Ал қазіргі сайлауда жеңіске жеткен болуы мүмкін 45 жастағы оппозициялық кандидат Мадьяр бұрын "Фидес" жастар қанатының мүшесі болған. "Тиса" партиясын екі жылдан бері басқарады.

Орбан басқарған үкіметтің жұмысына көңілі толмаған азаматтар көтерген мәселелердің қатарында қоғамдық инфрақұрылым, денсаулық сақтау және білім беру жүйелеріндегі нашар ахуал және сыбайлас жемқорлық бар.

Мадьяр болса, сыбайлас жемқорлықпен қатаң күресуді, "жүйелік өзгерістерді" жүзеге асыруды және жаңа Конституцияны ұсынуды көздейді.