Германиядан Анталияға ұшуға дайындалып жатқан Boeing 737 ұшағы өрт сөндіру көлігімен соқтығысты. Жолаушылар қосалқы ұшақты бес сағаттай күтуге мәжбүр болды, деп хабарлайды astana24.com DW-ге сілтеме жасап.
30 қыркүйекте, кешке Германияның оңтүстігіндегі Фридрихсхафен әуежайында Corendon Airlines әуекомпаниясының Boeing 737 ұшағы өрт сөндіру қызметінің көлігімен соқтығысты.
"Анталияға бағыт алған Corendon Airlines әуекомпаниясының Boeing 737 ұшағы ұшу-қону жолағына қарай бұрылу кезінде орнында тұрған өрт сөндіру көлігіне соғылды. Жолаушылардың бірінің айтуынша, соқтығыс ұшақ бұрылуды бастағаннан кейін 6 секунд өткен соң болған", – делінген хабарламада.
Оқиға салдарынан ұшақтың сол қанаты қатты зақымданған. Зардап шеккендер жоқ, келтірілген шығын шамамен 300 мың еуроға (шамамен 150 млн теңге – ред. ескертпесі) бағаланып отыр. Жолаушылар әуе кемесінен шығуға мәжбүр болды. Шамамен бес сағаттан кейін олар қосалқы бортпен Түркияға ұшып кетті.
