Reuters агенттігінің жаңалығына сүйенген Aikyn.kz , енді 5-6 жылда термоядролық энергия өндіру коммерциялық негізге көшетінін талдайды.
Google термоядролық синтез негізінде жұмыс істейтін Commonwealth Fusion Systems (CFS) компаниясынан 200 МВт электр қуатын сатып алады. Иллюстрация news.mit.edu сайтынан алынды
Дүйсенбі күні (30 маусым) Google компаниясы Вирджинияда орналасқан, термоядролық синтез негізінде жұмыс істейтін жоба арқылы электр энергиясын сатып алу жөнінде келісім жасағанын мәлімдеді. Осы саладағы ірі технологиялық келісім Commonwealth Fusion Systems (CFS) компаниясымен жасалды. Бұл компания 2018 жылы атақты Массачусетс технологиялық институтынан (MIT) бөлініп шыққан. Үлкен келісім CFS-тің ARC жобасынан 200 МВт электр қуатын сатып алуды көздейді. Жобаның жалпы қуаты 400 МВт-қа жетеді деп жоспарланған. Бұл жоба әлемдегі ірі деректер орталықтары шоғырланған Вирджинияда жүзеге асырылуда. Екі тарап та келісімнің қаржылық егжей-тегжейін әлі жарияламады.
Физиктер ондаған жылдар бойы термоядролық реакцияларды басқаруға лазерлерді немесе CFS сияқты үлкен магниттерді қолданып келеді. Бұндай реакциялар кезінде жеңіл атомдар қосылып, орасан зор энергия бөлінеді.
2022 жылы Калифорниядағы Lawrence атындағы Livermore ұлттық зертханасында лазерлер арқылы жүргізілген термоядролық эксперимент кезінде қысқа мерзімде таза энергияның артық өнімін алуға қол жеткен болатын. Алдағы мақсат – жүйеге жұмсалған энергиядан артық энергия алып, толық инженерлік тиімділікке жету. Электр энергиясын үздіксіз өндіру үшін бұл реакциялар тұрақты түрде жүруі тиіс.
Google-дың алдыңғы қатарлы энергетика жөніндегі бөлімінің басшысы Майкл Террелл журналистермен телефон арқылы сөйлескенде былай деген:
«Иә, бұл технологияны коммерциялық тиімді әрі ауқымды ету үшін әлі де күрделі физикалық және инженерлік мәселелерді шешу қажет. Бірақ біз бұған жақын болашақта қол жеткізу үшін дәл қазір инвестиция салғымыз келеді».
Бұл қысқа видеода қоршаған ортаға зияны жоқ, таза термоядролық энергия алу баяндалады. Аударманы субтитр арқылы көре аласыз:
Дамыған елдерде ЖИ мен деректер орталықтары электр энергиясына деген сұранысты арттырып отыр. Сол себепті термоядролық синтезге деген қызығушылық та жылдам өсуде. АЭС-терде қолданылатын атомдардың бөлінуіне негізделген қауіпті процестерден айырмашылығы – термоядролық реакциялар ешқандай радиоактивті қалдықтар шығармайды. Егер бұл технология сәтті іске асса, ол адамзат өркениетін сапалы арнаға бағыттайтын үлкен бетбұрыс болмақ.
CFS ARC жобасы электр энергиясын өндіруді 2030 жылдардың басында бастауды жоспарлап отыр. Бірақ оған дейін көптеген ғылыми-инженерлік кедергілерден өту керек. CFS бас директоры әрі тең құрылтайшысы Боб Мамгаард журналистерге былай дейді:
«Серіктестік, батыл мақсат қою және оған жетуге талпынусыз бұл қиындықтарды еңсеру мүмкін емес. ARC зауыты бізге термоядролық синтездің өсу фазасы туралы түсінік береді. Яғни, бұл жүйелер қаншалықты жиі істен шығады және оларды қалай жұмыс істетуге болады – осыны үйренеміз».
Сонымен қатар Google дүйсенбі күні (30 маусым) CFS-ке құятын инвестицияларын өсіргенін хабарлады, бірақ нақты сомалар көрсетілмеді. 2021 жылы Google CFS-ке жалпы көлемі 1,8 миллиард доллар салған көп инвесторлардың бірі болған. Мамгаардтың айтуынша, қазіргі инвестиция тарту жұмысы 2021 жылғы раундпен шамалас деңгейде.
Ойды ой қозғайды
Қазақ Үкіметі атом электр стансасын (АЭС) салуға асығуын – энергия тапшылығы мен сұраныстың өсуімен байланыстырады. Алайда бұл шешімнің балама жолдары да бар. Мысалы, алдағы 5-6 жылда термоядролық синтез технологиясы коммерциялық іске қосылып, бұл экологиялық тұрғыдан қауіпсіз әрі шексіз қуат көзі болмақ.
Осы аралықта Қазақстан жасыл энергетиканы (Күнді, жел мен су) дамыту, табиғи газ ресурстарын қолдану арқылы энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ете алады. 2028-2030 жылдар іске қосылатын Екібастұздың ГРЭС-2 кешенінің 3-4 блоктары да республикада генерацияланатын энергия көлемін бірден 10%-ға өсіреді. Бұндай энергетикалық шешімдер ұзақмерзімді, тиімді және қауіпсіз болады.
Сондықтан АЭС құрылысы сияқты соңғы шешімді қабылдауда Үкімет ғылыми-технологиялық прогресті, жаһандық трендтерді және болашақ экологиялық тәуекелдерді жан-жақты ескергені жөн. Бүгінгі биліктің шешімі – ұлттың болашағына, ертеңгі ұрпақтың қауіпсіздігі мен өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды фактор.
Термоядролық энергияға арналған жобалар мен ізденістер ауқымын көрсететін, 2022 жылдан бері Aikyn.kz жариялаған материалдарды мына сілтемелер бойынша оқуға болады: бірінші, екінші, үшінші, төртінші, бесінші, алтыншы .
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.