in

Дональд Трамп TikTok-та аккаунт ашып, пікірін өзгертті

Aikyn.kz танымал әлеуметтік желінің қауіпті екеніне неліктен мемлекет басшысы сенбейтінін Reuters хабарламасына сүйеніп талдайды.TikTok-ты сатып алғысы келетін америкалық компаниялар кезекте тұр. Иллюстрация straitstimes.com сайтынан алынды. Авторлығы: Reuters

Президент Дональд Трамп TikTok-ты сатып алғысы келетін америкалық компаниялар кезекте тұрғанын айтты. Оның сөзінше, қытайлық ByteDance компаниясына әлеуметтік желінің АҚШ-тағы активтерінен бас тарту үшін тағы да қосымша уақыт берілуі мүмкін. Бұл туралы ол жұма күні (22 тамыз) мәлімдеді. Ақ үй қысқа видеороликтер платформасына 19 тамызда қосылған болатын. Ақ үйдің аккаунтына мына сілтеме бойынша өтуге болады: https://www.tiktok.com/@whitehouse

Журналистермен сөйлескен кезде Трамп TikTok қауіпсіздігіне байланысты екі партия тарапынан айтылған алаңдаушылықтарды жоққа шығарған. Оның әкімшілігі әлеуметтік желі тарапынан туындайтын кез келген мәселеге назар аударатынын айтты. Сондай-ақ ол Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпинмен «қолайлы уақытта» сөйлесетінін де жеткізді.Дональд Трамп: «Мен TikTok-тың жанкүйерімін». Фото mashable.com сайтынан алынды

Республикалық президент 2024 жылы қабылданған заңнан кейін TikTok-тың 2025 жылғы 19 қаңтарға дейін жұмысын тоқтатуы тиіс деген талапты бірнеше рет кейінге шегерген болатын. Жуырда ол мерзімді 17 қыркүйекке дейін ұзартты. 

«Мен бұл туралы төраға Симен сөйлеспедім. Сонымен қатар, бәрі шешілмейінше, біз мерзімді тағы біразға ұзартамыз», – деді Трамп журналистерге Ақ үйдің қарсы бетінде орналасқан кәдесый дүкенін аралау кезінде.

Желіні сатып алғысы келетін өте ірі америкалық сатып алушылар бар екенін айтқанымен, ешбір тұлғаның немесе компанияның атын атамады. Одан «құпиялық немесе ұлттық қауіпсіздік сізді алаңдата ма?» деп сұрағанда, Трамп:

«Шын мәнінде жоқ. Менің ойымша, бұл тым асыра бағаланған… Мен TikTok-тың жанкүйерімін», – деп жауап берген.

TikTok-қа қарсы қатаң позиция ұстаған Трамп, оның жастарға ықпалын ескеріп, пікірін өзгерткен. Фото mydoh.ca сайтынан алынды

Өткен жылы қабылданған заң ByteDance компаниясын қосымшаның АҚШ-тағы активтерін сатуға міндеттейді. 20 қаңтарда қызметіне кіріскеннен кейін Трамп бұл заңды қолданбауды ұйғарды.

Кейбір заң шығарушылар бұл кідірісті сынға алып, оның әкімшілігі заңды бұзып, TikTok-тың Қытай бақылауында болуына байланысты ұлттық қауіпсіздік мәселелерін елемей отыр деп айыптады.Президент неге пікірін өзгертті?

Дональд Трамп TikTok туралы көзқарасын өз тәжірибесі мен қоғамдық қолдауды ескере отырып өзгерткен сияқты. Трамп TikTok-ты өзі пайдаланған соң оның әсері мен пайдалы жақтарын көрген. Сонымен бірге TikTok сайлау науқандарына белсенді қолданылған платформалардың бірі болғандықтан, оның тиімділігіне де мән беруге мәжбүр. Pew Research Center зерттеуі көрсеткендей, АҚШ-та TikTok-қа қарсылық азайып, халықтың шамамен 1/3 бөлігі ғана тыйым салуды қолдауда. 

Сондықтан бұрын TikTok-қа қарсы қатаң позиция ұстаған Трамп, енді оның саяси артықшылықтарын, әсіресе жастардың қолдауын ескере отырып, пікірін өзгертіп, платформаның «қаупі асыра бағаланған» деген ұстанымға ауысқан. Бұл жерде экономикалық себептер де болуы мүмкін. Платформаның танымалдығы мен саясаттағы ықпалын мойындауы The White House аккаунтының тіркелуімен де түсіндіріледі.

Біздің ойымызша, TikTok-тың аудиториясы ерекше болғандықтан, Дональд Трамп өзінің өшпенді ортаға түскенін жақын арада сезінетін болады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.