Жуырда Тяньцзинь қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының кеңесі өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны және тарихы бай Тяньцзинь қаласында жылы қарсы алғаны үшін ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинге ризашылық білдірді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізді. ҚХР. Тяньцзинь қаласы. Фото: Akorda.kz
«Құрметті Си Цзиньпин мырза, Сізді және барша қытайлық достарымызды елдеріңіздің Шанхай ынтымақтастық ұйымына табысты төрағалық етуімен құттықтаймын! Қазақстан ШЫҰ шеңберіндегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты, экономикалық ықпалдастық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға бағытталған Қытайдың сарабдал саясатын жоғары бағалайды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында жүздесуі. ҚХР. Тяньцзинь қаласы. Фото: Akorda.kz
Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында маңызды құжаттарға қол қойылды. Оның ішінде, Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің «жасыл» өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастық туралы мәлімдемесі де бар.
ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы. ҚХР. Тяньцзинь қаласы. Фото: Akorda.kz
Аталған кеңесте Мемлекет басшысы экология саласындағы ықпалдастықты маңызды міндет деп атады.
«Климат өзгерісі шекара таңдамай, әлемнің көптеген елі мен өңіріне қауіп төндіріп отыр. Нақты қатерлерге, мәселен, шөлейттенуге, құрғақшылыққа, су қоймаларының тартылуына, мұздықтардың еруіне және басқа да экологиялық мәселелерге қарсы күрес стратегиясын бірлесе әзірлеу өзекті. Сондықтан Қазақстанда Шанхай ынтымақтастық ұйымының Су мәселелерін зерттеу орталығын ашуды қолдаймыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақ-қытай іскерлік кеңесінің сегізінші отырысы. ҚХР. Бейжің қаласы. Фото: Akorda.kz
ҚХР. Гуандун провинциясы Гуанчжоу қаласы. Фото: Aikyn.kz
Қытайға іссапармен барғанда Гуанчжоу қаласындағы су тазарту зауытының жұмысымен таныстық. Мұнда жерасты, кәріз суын тазалап, бау-бақша суаруға пайдаланады. Суды қайта кәдеге жарату үшін тазарту процесі төрт кезеңнен өтеді. Лас суды тұндырып, тазартып, сүзгеннен кейін тазартылған суды каналға жібереді.
Жерасты су тазарту зауытында су тазалау процесі. Фото: Aikyn.kz
Ауқымды жобаны жүзеге асырып отырған Guangzhou Water Investment Group Co Ltd rомпаниясының мақсаты – халқы тығыз қоныстанған қалада табиғатты қаз-қалпында сақтап қалу.
«Тұмса табиғатты сақтап қалу үшін суды 4 деңгейлі тазартудан өткіземіз. Жұмысты толықтай техника атқарады. Мамандар су тазарту процесін бақылайды. Гуанчжоу қаласы әкімшілігі жергілікті тұрғындардың денсаулығы мен қоршаған ортаның тазалығы үшін ең үздік үлгідегі технологияны қолданып отыр», – дейді компания өкілі Хо Хайчжу.
Жерасты су тазарту жүйелері Гуанчжоу қаласының орталық бөлігіне шоғырланған. Жергілікті тұрғындар “қаланың жасыл өкпесі” деп атайды. Жоба нәтижелі болғаннан кейін елдің өзге аймақтарына да осы тәсілді қолданып отыр. Кейінгі 4-5 жыл ішінде суды тазарту көлемі 8 миллион тоннаға жуықтады. Осы арқылы Гуанчжоу қаласы қалдық суды тазарту көрсеткіші жағынан Қытайда екінші орынға көтерілді. Ластанған суды тазарту көлемі ұлғайған сайын қоршаған ортаны сақтап қалу мүмкіндігі артып отыр.
Мамандар су тазарту процесін бақылап, су көлеміне қарай мөлшерін реттеп отырады. Фото: Aikyn.kz
Су сүзгілері, судың әр деңгей бойынша тазарту процесін автоматтандырылған техника атқарады. Технолог мамандар судың сапасын, құрамын, экологиялық стандарттарға сай екенін бақылайды. Фото: Aikyn.kz
Жерасты ағынды суды тазарту жүйесінің артықшылығы көп. Жер бетіне құрылыс нысанын салмайды, жерді үнемдейді. Ерекшелігі кез келген қала тұрғыны зауыт аумағында саябақта жүргендей серуендей алады. Стартегиялық нысанның елу пайызы жасыл желекпен көмкерілген. Чжуцзян өзенінің жағалауында орналасқан қалада тұмса табиғатты өз қалпында сақтап қалуға басымдық беріледі.
Өйткені Гуанчжоу Қытай экономикасының күретамыры, ірі өндіріс орындары шоғырланған аймақ. Су тазарту зауытын салу бастамасы 2004 жылы басталып, 2010 жылы І-ІІ кезеңі аяқталды. Кезең-кезеңімен іске асырылған жобас аясында 2020 жылы ІІІ кезеңі қолданысқа берілді. Сәтті іске асқан жоба Қытайдың өзге аймақтарында да сұранысқа ие. Екі ауысымда үзіліссіз жұмыс істейтін жүйе арқылы тәулігіне 35 тоннаға дейін суды тазартуға мүмкіндік бар.
Лицзяо кәріз жүйесінің құбыры Гуанчжоудың оңтүстіктігіндегі батпақты аймақта орналасқан. Соған қарамастан, технологияның мүмкіндігін пайдаланып, өңірді баққа айналдырып отыр.
Күн сәулесінің әсерінен су буға айналып кетпеуі үшін су тазарту қазандықтары жердің астында орналасқан. Тазартылған су канал арқылы жер бетіне жіберіледі. Фото: Aikyn.kz
Батпақты аймақты ну орманға айналдырған жоба – ғалымдардың ұзақ жылғы еңбегінің жемісі. Мұндай жобаны Қытайдың бірнеше аймағында іске асыраған компания егер ұсыныс болса, жобаны шет мемлекеттерде іске асыруға әзір екендігін жеткізді. Жобаның жоспары, құны, тиімділігі алдын ала жан-жақты зерделенуі керек. Әсіресе, ірі өндіріс орындары шоғырланған қалаларға керек-ақ.
Су сүзу, тазалау процесінің барлығын робот техникалар атқарады. Жұмыс режимін бақылайтын бағдарлама үздіксіз жұмыс істейді. Қол күшінің қажеті жоқ. Гидролог мамандар тек қана қадағалаушы қызметін атқарады. Фото: Aikyn.kz
Қазақстанда да «жасыл экономикаға» көшу жоспары бар. Үкімет басшысы ірі өндіріс орындарынан шыққан қалдықты қайта өңдеу, суды тазарту жөнінде арнайы кеңес те өткізді. Әсіресе, ірі өндіріс орындары орналасқан Қарағанды, Өскемен, Атырау, Ұлытау өңірінде ауа мен суды тазалау мәселесі өзекті.
Жобаны жүзеге асырған Guangzhou Water Investment Group Co Ltd rомпаниясының өкілдері мен Қазақстан журналистерінің жүздесуі. ҚХР. Гуанчжоу қаласы. Фото: Aikyn.kz
Тазартылған су қайта канал арқылы өзен-көлге жіберіледі. Судың сапасын, құрамын экологтар жіті қадағалайды. Фото: Aikyn.kz
Тазартылған суда балық жүзіп, өсімдікдер жайқалып өсіп тұр. Тіпті, тұрғындардың арнайы келетін демалыс аймағына айналған. Фото: Aikyn.kz
Мұнда балалар түрлі түсті балықтарды тамашалауға жиі келеді. Қоршаған ортаны қорғап, тазалықты сақтауға баланы жастайынан баулиды.