in

«Жеті бірдей соғысты тоқтаттым»: Нобельден үмітті Дональд Трамптың мәлімдемесіне шолу

Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтатуға талпынып жүрген Дональд Трамп өзінің екінші президенттік мерзімінің басынан бері жүргізген бейбіт келіссөздердегі «жетістіктерін» ерекше атап өтіп жүр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты www.bbc.com сайтына сілтеме жасап.

Дүйсенбі күні Ақ үйде Еуропа елдерінің жетекшілерімен кездесуде, Трампты атысты тоқтатуға қол жеткізуге шақырған кезде, ол:

«Мен алты соғысты тоқтаттым… бұл келісімдердің ешқайсысында “атысты тоқтату” деген сөзді тіпті қолданған жоқпын», – деді.

Келесі күні Трамп “тоқтаттым” деп есептейтін соғыстардың саны жетіге жетті.

Трамп әкімшілігі оның әлдеқашан Нобель бейбітшілік сыйлығына лайық екенін айтып, ол «тоқтатты» деген соғыстардың тізімін жариялады. Олардың кейбірі бірнеше күн ғана созылған, бірақ көп жылдар бойы жалғасқан шиеленістердің салдары еді. Сонымен қатар жасалған келісімдердің қаншалықты ұзаққа созылары да белгісіз.

Оған қоса, Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік платформасындағы жазбаларында «атысты тоқтату» сөзін бірнеше рет қолданған.

 

BBC Verify (Би-би-сидің фактчекинг бөлімі) аталған қақтығыстарды мұқият зерттеп, олардың аяқталуына қазіргі АҚШ президентінің үлесі қаншалықты екенін анықтауға тырысқан. Ендеше соған мұқият зер салып көрелік!

Израиль мен Иран

12 күндік қақтығыс 13 маусымда басталды. Ол кезде Израиль Ирандағы нысандарға соққы жасаған еді.

Трамптың айтуынша, Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху оған бұл туралы алдын ала хабарлаған.

АҚШ та Иранның ядролық нысандарына соққы берді. Көпшілік мұның қақтығысты аяқтауға көмектескенін айтады.

23 маусымда Трамп Truth Social-да: «Ресми түрде Иран АТЫСТЫ ТОҚТАТУДЫ бастайды, 12 сағаттан кейін Израиль де АТЫСТЫ ТОҚТАТУДЫ бастайды, ал 24 сағаттан соң әлем 12 КҮНДІК СОҒЫСТЫҢ РЕСМИ АЯҚТАЛУЫН құптайды», – деп жазды.

Алайда соғыс тоқтағаннан кейін Иранның Жоғарғы жетекшісі аятолла Әли Хаменеидің мәлімдемесінде «шешуші жеңіс» туралы айтылды, бірақ атысты тоқтату жайлы сөз болған жоқ.

Осыдан кейін Израиль жаңа қауіп-қатер туындаса, Иранға тағы да соққы жасайтынын емеурінмен жеткізді.

Brookings Institution сарапшысы Майкл О’Хэнлон былай дейді: «Иранның ядролық бағдарламасын болашақта қалай бақылауға болатыны туралы келісім жоқ. Бұл – соғыстың аяқталуынан гөрі атысты тоқтату ғана. Дегенмен АҚШ көмегімен Израильдің Иранды әлсіретуі стратегиялық тұрғыдан маңызды, сондықтан Трамптың еңбегін жоққа шығаруға болмайды».

Пәкістан мен Үндістан

Бұл екі ядролық держава арасындағы шиеленіс ондаған жылдар бойы жалғасып келеді. Бірақ биыл мамырда Үндістан бақылауындағы Кашмирде болған шабуылдан кейін әскери қақтығыстар қайта өршіді.

Трамп жазбасында Үндістан мен Пәкістанның «ТОЛЫҚ ЖӘНЕ ДЕРЕУ АТЫСТЫ ТОҚТАТУҒА» келіскенін хабарлады.

Ол мұны «АҚШ делдалдық еткен ұзақ түнгі келіссөздердің нәтижесі» деп атады.

Пәкістан Трампқа алғыс айтып, тіпті оны Нобель сыйлығына ұсынды.

Алайда Үндістан АҚШ-тың рөлін едәуір төмен бағалады.

Елдің Сыртқы істер министрі Викрам Мисри: «Әскери қимылдарды тоқтату туралы келіссөздер Үндістан мен Пәкістанның әскери құрылымдары арасында бұрыннан бар арналар арқылы жүргізілді», – деді.

Руанда мен Конго Демократиялық Республикасы

Бұл екі елдің арасындағы ежелгі жаулық биыл қайта күшейді. Жыл басында М23 бүлікшіл тобы Конгоның шығысындағы пайдалы қазбаларға бай аумақтарды басып алды.

Маусым айында Вашингтонда Руанда мен Конго бейбіт келісімге қол қойды. Трамп мұны сауда көлемін арттыруға жол ашатын қадам деп бағалады.

Құжатта атысты тоқтату режимін сақтау туралы тармақ бар еді. Алайда келісімнен кейін тараптар бір-бірін шарттарды бұзды деп айыптап, ал М23 бүлікшілдері келіссөздерден шығамыз деп қоқан-лоқы көрсетті.

Оксфорд университетінің профессоры Маргарет Макмилланның айтуынша: «Қазіргі таңда Конго мен Руанда арасындағы ұрыс қимылдары жалғасып жатыр, сондықтан атысты тоқтату іс жүзінде күшіне енген жоқ».

Таиланд  пен Камбоджа

26 шілдеде Трамп Truth Social-да: «Мен қазір Таиландтың уақытша премьер-министріне қоңырау шалып, атысты тоқтатып, болып жатқан соғысты АЯҚТАУДЫ сұрап жатырмын», – деп жазды.

Бірнеше күннен соң шекарада төрт күнге созылған шайқастан кейін тараптар «дереу әрі шартсыз атысты тоқтатуға» келісті.

Бейбіт келіссөздер Малайзияда өтті. Бірақ Трамп екі елге “АҚШ-пен тарифтерді төмендету туралы келіссөздерді тоқтатамын” деп қысым көрсетті. Таиланд пен Камбоджа экономикасы негізінен АҚШ-қа экспортқа тәуелді.

7 тамызда олар шекарадағы шиеленісті азайту жөнінде қосымша келісімге қол қойды.

Армения мен Әзербайжан

8 тамызда Ақ үйде өткен салтанатты рәсімде АҚШ президенті Дональд Трамптың қатысуымен Армения премьер-министрі Никол Пашинян мен Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев бейбітшілік туралы декларацияға қол қойды.

Әлиев пен Пашинян Трампты Нобель сыйлығына ұсынуға лайық деп мәлімдеді.

Brookings сарапшысы Майкл О’Хэнлон: «Бұл оқиғаға жоғары баға беруге болады. Ақ үйде қол қою рәсімі екі тарапты бейбіт шешімге итермелеген болуы мүмкін», – деді.

Биыл наурызда екі ел үкіметтері Таулы Қарабаққа байланысты 40 жылға созылған қақтығысты тоқтатуға дайын екенін жариялаған еді. Соңғы ірі қақтығыс 2023 жылдың қыркүйегінде болды. Ол кезде Әзербайжан этникалық армяндар қоныстанған анклавты басып алған.

Мысыр мен Эфиопия

Бұл жерде нақты соғыс болған жоқ, бірақ Нілдегі Үлкен Эфиопия Ренессанс бөгетіне байланысты ұзақ жылдар бойы шиеленіс жалғасып келеді.

Биыл жазда бөгет құрылысы толық аяқталды. Мысыр бұл ел үшін судың азаюына әкеледі деп алаңдап отыр.

29 маусымда Мысыр Сыртқы істер министрі Эфиопиямен келіссөздердің тығырыққа тірелгенін хабарлады.

Трамп болса: «Егер мен Мысыр болсам, Нілден суды талап етер едім», – деді.

Оның бұл сөзі Эфиопия тарапынан сынға алынды. Қазіргі таңда тараптар ешқандай ресми келісімге қол жеткізген жоқ.

Сербия мен Косово

27 маусымда Трамп: «Сербия мен Косово соғысқа жақын тұрды. Мен оларға “егер соғыссаңдар, АҚШ-пен сауда болмайды” дедім. Содан соң олар “мүмкін, біз соғыспай-ақ қоямыз” деді», – деп мәлімдеді.

Балқан соғыстарынан бері бұл елдер арасындағы шиеленіс жалғасып келеді. Соңғы жылдары жағдай одан әрі ушығып отыр.

Дегенмен сарапшылар: «Сербия мен Косово арасында нақты соғыс немесе әскери қақтығыс болған жоқ, сондықтан тоқтататын соғыс та болмады», – дейді.

 

Ақ үй Трамптың бірінші президенттік мерзіміндегі дипломатиялық қадамдарды мысалға келтірді: 2020 жылы кабинетте тараптар экономикалық қатынастарды қалыпқа келтіру туралы келісімге қол қойған. Бірақ ол кезде де соғыс жүрмеген еді.