Кенияның батысында лай көшкінінен опат болғандар саны 26-ға жетті. Тағы 25 тұрғын ізім-қайым жоғалып кеткен, – деп хабарлайды Aikyn.kz 24kz-ке сілтеме жасап.
Эльгейо-Мараквет округінде 1 мыңнан аса үй қирады. 30 адам жарақат алған. Құтқарушылар оларды тікұшақпен жергілікті ауруханаға жеткізді. Үкімет ем-домға кеткен шығынды төлейтінін мәлімдеді.
Билік іздеу-құтқару жұмыстарына қолдағы бар ресурстарын жұмылдырды. Әскерилер, тәртіп сақшылары, гуманитарлық ұйымдардың қызметкерлері және 4 ұшақ тартылды. Сондай-ақ жоғалған адамдар туралы өтініш қабылдайтын арнайы орталықтар құрылды.
Алаңдатарлығы Кенияның бүкіл аумағында нөсер жауын басылмай тұр. Мұның салдарынан біраз елді мекенді су басып жатыр. Мыңдаған тұрғын дүние-мүлкінен айырылды.
