in

Орта дәліз – ынтымаққа апарар жол

Жер шарының түрлі өңіріндегі шиеленістердің бейбіт жолмен шешілуін, БҰҰ жарғылары мен ұстанымдарына, қарарларына құрмет көрсетілуі қажет екенін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сан мәрте айтқан. Әрі Қазақстанның сыртқы саясаты бұл бағыттан айныған жоқ. Соңғы бірнеше күнде Мемлекет басшысы еліміздің осынау ұстанымын тағы да көрсетті. Оңтүстік Кавказдағы түйткілдің түбегейлі шешілуіне бағытталған қадамды қолдады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан мен Армения басшылары­ның АҚШ астанасында өзара келісімге келгенін тарихи жетістік деп бағалаған еді. Ақорданың баспасөз қызметі Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан президенті Илхам Әлиев пен Армения Премьер-министрі Никол Пашиня­н­ның қақтығысты бейбіт жолмен реттеу туралы тарихи декларацияға қол қой­ғанын айрықша атап өткенін жазды.

«Аталған құжат қос мемлекет ара­сын­дағы ұзаққа созылған әскери қақ­тығысты түбегейлі тоқтатып, дипло-м­а­тиялық қатынас орнатуға және берік бітім негізінде ынтымақтастықты да­мы­туға жол ашты. 

Мемлекет басшысының пікірінше, Әзербайжан мен Арменияның мұндай келісімге қол қоюы – АҚШ президенті Дональд Трамптың тегеурінді әрі тиім­ді бітімгерлік миссиясының арқасы. Ол Әзербайжан және Армения басшы­ларын саяси ерік-жігер танытып, стра­тегиялық тұрғыдан көреген шешім қабылдауға көндіре алды. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан да екі ел арасындағы осынау маңызды уағдаластыққа қол жеткізуге елеулі үлес қосты деп санайды.

Еліміз бейбіт келісімнің негізгі шарттарына қатысты сыртқы істер ми­нистрлерінің деңгейіндегі келіссөз алаңы ретінде Алматы қаласын ұсынды.

«Министрлер арасындағы келіссөз­дер Алматыда өтті», – делінген Пре­зиденттің баспасөз қызметі таратқан мәлімдемеде. Осылайша, Қазақстан Оңтүстік Кавказ тағдырына қатысты қабылданған шешімді қолдап қана қоймай, қос елді бітімге келтіру үшін нақ­ты қадамдарға барғанын атап өтті. Расында да, Әзербайжан мен Армения арасындағы келіссөздер былтыр Ал­матыда екі елдің сыртқы істер мин­истр­лері оңаша кездескен соң жаңа сатыға көтерілген еді. Ол кезде Қазақ­стан тарабы екі елдің арасындағы түс­і­н­іспеушілікке өзгелердің араласқан­ын, үшінші мемлекеттердің «төрелік» жасағанын құп көрмейтінін аңғартқан. Сөйтіп, ресми Баку мен Ереван өкіл­дері ірі державалардың «кеңесіне» жү­гінбестен, өзара келіссөздер баста­ған еді. Ақыры белгілі бір нәтижеге қол жеткізіп отыр.

Әлбетте, Оңтүстік Кавказдағы жағ­д­айды реттеуге АҚШ-тың да ара­лас­қаны рас. Алайда мұндай құжат­тарды даярлау біршама ұзақ уақыт алатынын ескеру қажет. Демек, тату­ласуға ниет­тен­ген қос елдің дипломат­тары жаһан­дағы ең қуатты мемлекет­тің бұл про­цес­тен тыс қалмағанын қалаған сияқ­ты. Бәлкім, Әзербайжан мен Армения басшыларына әріп­тестері осындай мағынада кеңес беруі әбден мүмкін. Өйткені АҚШ прези­денті соңғы кез­дері жаһандағы жан­жал­дарды тоқтауға бейілді екенін жиі айтып жүр. БҰҰ қауіпсіздік кеңесі тұрақты мүшелерінің бірі осындай ниет танытса, оны қолда­ған жөн. Оның үстіне, АҚШ БҰҰ Қау­іп­сіздік кеңесінің тұрақты мүшесі ғана емес, әлемде экономикалық қуаты, ықпалы жағынан көш бастап тұрған мемлекет. Біздің пайымдауымызша, Қазақстан тарапы да мәселеге осы позициядан қарайтын сияқты. 

Екіншіден, Оңтүстік Кавказ айма­ғы «Транскаспий халықаралық көлік дәлізі» немесе «Орта дәліз» жобасында шешуші рөл атқаратын өңір. Қазақ­стан­ның көлік-логистикалық кешені мен транзиттік бағыттарын әртарап­тан­дыруға мүмкіндік беретін жобаға әлемдегі ең қуатты мемлекеттің арала­суы­ның мәні зор. Жобаның саяси һәм экономикалық салмағы арта түседі. «Орта дәліз» бағытына экономикалық қуаты жағынан жаһанда екінші орында тұрған Қытай онсыз да қолдау көрсе-т­іп, дамуына мүдделі болып отыр. Се­бебі Қытай мен Еуропа арасындағы құрлықтағы жүк тасымалының 80%-ы Қазақстан жері арқылы өтеді. Енді жобаға тағы бір ірі держава араласатын сыңайлы. Бұл дегеніңіз «Орта дәліздің» дамуына жаһандағы үш іргелі күш – АҚШ, Қытай, Еуропа одағы мүдделі де­генді білдіреді. Ал мүдделер тоғыс­қан жобалардың сәтсіз болғаны сирек. Сол себепті Әзербай­жан мен Армения арасында бітім орнай бастауы алдымен сол елдердің халқына тиімді болса, одан соң төңіректегі мемлекеттерге, соның ішінде Қазақстанға да пайдалы деп бағалаймыз. Әрі Дональд Трамп­тың белсенділігін қолдау Уашиңтонмен өзара әріптестікті жақсарта түсетін қадам деген сөз.

Жалпы, осы күндері Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан прези­ден­тімен де, Армения Премьер-мин­истрі­мен де телефон арқылы сөйлесті. Өзара пікір алмасуларда біз жоғарыда сөз ет­кен­дей, Қазақстан Президенті Дональд Трамптың белсенділігін атап өткен. Илхам Әлиевпен тілдескенде Қазақ­стан басшысы АҚШ президенті Дональд Трамптың белсенді әрі тиімді атсалысуымен Уашиңтонда Әзербай­жан мен Армения арасындағы қақты­ғысты бейбіт жолмен реттеу туралы тарихи декларацияға қол қойылуымен құттықтаған. Сонымен бірге Қ.Тоқаев аталған құжатқа халықаралық құқық қағидаттары мен БҰҰ жарғысына сәйкес қол қойылғанын атап өтті. Тиісінше, бұл Әзербайжан мен Ар­мения­ның стратегиялық мүдделеріне толығымен сай келеді, сондай-ақ Кав­казда халықаралық ынтымақтас­тық­тың жан-жақты дамуына ықпал етеді. Қазақстан Әзербайжанның страте­гиялық серіктесі ретінде өңірде көптен күткен бейбітшіліктің орнауын шын ниетпен қолдайды.

Сонымен бірге Қ.Тоқаев екі ел арасында өтуі мүмкін келіссөздерге Қазақстан алаң ұсына алатынын айтқан. Сөйтіп, бейбітшілікті сақтау мен жанжалдарды тоқтатуға бағыт­талған қадамдарды әрдайым жақтай­тынын аңғартып отыр. Мемлекет бас­шысы Армения Премьер-минис­трі­мен тілдескенде де осы ұсынысты айтты. «Қазақстан келіссөздерге өз алаңын ұсына отырып, Армения мен Әзербайжан арасындағы саяси диал­огке одан әрі септігін тигізуге ниет­ті», – делінген ресми ақпараттарда. 

Қ.Тоқаев тарихи маңызы бар бұл құжатқа Никол Пашинянның сая­саткер ретіндегі алғырлығының арқа­сында қол қойылғанын атап өткен. Ол мықты саяси ерік-жігерге ие екенін көрсетіп, өз мемлекетінің ұлттық мүд­десі жолында стратегиялық көреген­ділік танытты.

«Декларация Оңтүстік Кавказдағы ауқымды халықаралық ынтымақ­тас­тыққа, сондай-ақ Қазақстан мен Армения арасындағы анағұрлым қар­қынды экономикалық және инвести­ция­лық ықпалдастыққа жол аша­ды», – делінген Ақорда таратқан ақ­па­ратта. Яғни, Әзербайжан мен Ар­мения арасындағы шиеленістің түбе­гейлі шешілуі біздің де қолайымызға жағады деген сөз. Өйткені қазір қандай да бір мемлекеттің жеке-дара дамуы мүмкін емес. Көрші-қолаңмен тату болып, олармен өзара ынтымақ­тастықты арттыру арқылы алға бет түзе­ген елдер ғана озатын заман. Қа­зақ­станның сыртқы саясатында аймақ елдерінің бір ұстаным танытуын жақ­тай­тын бағыттың басым болуы содан. Қазақстан Президенті Орталық Азия мен Кавказдағы елдердің өзара инте­гра­циясында шешілмеген түйін қал­мауы керек екенін аңғартып жүр. Әзер­байжан мен Армения арасында бітімге келу үшін қадамдардың жасала бастағанына қуанатымыз да содан. Ал Никол Пашинян Қазақстанның Ар­мения мен Әзербайжанды татулас­тыруға қосқан үлесін оң бағалады. 

Қысқасы, тамыздың алғашқы онкүндігінде Қазақстан сыртқы сая­сатта өз ұстанымының нақты екенін тағы айдай әлемге паш етті. Астана бейбітшілікті, аумақтық тұтастықты жақтайды. Соғыстар мен қақтығыс­тар­дың тоқтағанын, дау-жанжалдың дип­ломатиялық жолмен шешілгенін қал­ай­ды. Бұл – Қазақстан Президен­тінің ең негізгі саяси ұстанымдарының бірі. Бәлкім, содан да шығар, Астана­ның ұстанымына назар аударатын мем­лекеттер саны артып келеді. Айта­лық, Қасым-Жомарт Тоқаев осы күн­дері Илхам Әлиевпен және Никол Паш­инянмен ғана емес, Украина президенті Владимир Зеленскиймен де телефон арқылы сөйлесті. Ресми Киев­тің баста­масымен өткен тілдесуде Мем­лекет басшысы Қазақстанның әуел бастан әділдік негізінде бейбітші­лік формула­сын бірлесе іздеуді жақта­ғанын, БҰҰ жарғысын, мемлекеттердің егемендігі мен аумақтық тұтастығына қолсұқпау­шы­лық қағидатын сақтау туралы жүйе­лі түрде пікір білдіргенін еске салды. Қазақстан Президенті тер­риториялық түйткілдің күрделі екенін түсінетінін атап өткен. Бұл – халық­аралық қаты­нас­тардағы ең қиын мәсе­ле. Көбіне бейбітшілік туралы келісімге қол жет­кізу, тіпті бітімге келу жолында еңсері­луі қиын кедергіге айналатынын айт­қан. Сөйтіп, тағы да БҰҰ жарғылары мен қағидаттарын басшылыққа алу қа­жет екенін, ешбір мемлекеттің аумақ­тық тұтастығының бұзылмауын жақ­тай­тынын аңғартқан.

Айтпақшы, Әзербайжан мен Ар­мения бітімінде аумақтық тұтастыққа құрмет бар. Екі жақтың арасында жер дауы болмайды. Дегенмен тұтас аймақ­тың игілігі үшін Армения аумағы ар­қылы «Зангезур дәлізі» жобасы іске асырылуы мүмкін. Оны Дональд Трамп та қолдаған. Бірақ Қазақстан Прези­денті бұл жобаның нақты атын атап, түсін түстемеді. Тек декларацияның Оң­түстік Кавказда ауқымды халықара­лық ынтымақтастыққа жол ашатынын айт­қан. Бұл да дипломатияның көрі­нісі.

Асхат ҚАСЕНҒАЛИ, саясаттанушы:

ЗАНГЕЗУР ДӘЛІЗІ АШЫЛСА, ҰТАРЫМЫЗ КӨП

Қазақстанның Әзербайжан мен Армения басшыларының арасында бітімге келу жөнінде декларацияға қол қоюуын қолдауы сарапшылардың да назарын аударды. Мамандар аймақтағы тұрақтылықтың Қазақстан үшін де маңызды екенін мойындап отыр. Біз саясаттанушы Асхат Қасенғалиге хабарласып, келісімнің мән-маңызы жайлы сұрадық. 

– Оңтүстік Кавказдағы шиеленістің дұрыс шешілуі бізге не береді?

 – Қазақстан ұзақ жылдар бойы Ресейді негізгі транзит аумағы етті. Мұнайдың басым бөлігі Ресей аумағы арқылы тасымалдануда. Қазақстанның Еуропаға аттанатын тауары да Ресей аймағы арқылы өтіп жатыр. Сәйкесінше, бізге де Еуропадан келетін тауар түрлері негізінен Ресей арқылы кіреді. Алайда Украинаға Ресей басып кірген сәттен кейін бұл бағытта түрлі кедергі пайда болды. Мұнай тасымалдау бірнеше мәрте тоқтап қалды. Украина және Беларусь арқылы тауар өткізу қиынға соғуда, кей жағдайда тіпті мүмкін емес. Әскери жағдай Ресейді транзиттік тартымдылығынан айыруда. Оның үстіне, өз аумағындағы мұнай тасымалдау құбырларын Мәскеудің өзгелерге қысым тетігі ретінде қолданатын сәттері аз емес. 

Мұндай сәтте бізге балама бағыттарды іздестіру маңызды. Соның бірі Транскаспий бағыты саналады. Қазақстан Әзербайжан аумағы арқылы мұнай тасымалдауды соңғы жылдары бірнеше есе арттырды. Баку-Жейхан құбырына қазақ мұнайы көбірек құйылатын болды. Енді, міне «Зангезур дәлізі» ашылса, Оңтүстік Кавказ Еуропа мен Азияның арасындағы негізгі сауда жолына айналуы мүмкін. Қазақстан енді Әзербайжан-Зангезур-Нахычеван-Түркия бағыты арқылы тауарын жөнелте алмақ. Дәл осы бағыт арқылы біз мұнай өнімдерін де жеткізуді арттыра аламыз. Алдағы уақытта бұл бағыттың мүмкіндіктері артады.

– «Орта дәліз» жобасына АҚШ-тың араласуының артықшылықтары неде? 

– Зангезурды АҚШ компаниялары жалға алуы мүмкін. Олар тауар тасымалдау көлемін арттыру үшін инфрақұрылымдық жобаларды іске асырады. Теміржол, электр желілері, қоймалар, терминалдар, автожолдар салады дегендей. Бұл көбірек тауар жөнелтуге мүмкіндік береді. Сөйтіп, бұл бағыт маңызды экономикалық күретамырға айнала бастайды. 

Әлбетте, аталған бағыт бойынша негізінен Қытай мен Еуропа тауары тасымалданады деуге болады. Сәйкесінше, Қазақстан аумағында көлік-логистикалық жобалар іске асуы тиіс. Себебі Қытайдың құрлық арқылы тасымалданатын тауарының басым бөлігі біздің аумақпен өтеді. Еуропа тауары да біздің аймақ арқылы Қытайға жөнелтілуде. «Зангезур дәлізінің» ашылуы Қытай-ЕО сауда айналымының құрлықтық үлесін арттыра түседі. Ал АҚШ «Зангезур дәлізін» жалға алу арқылы экономикалық пайда таппақ.

– Зангезур дәлізі Панама каналының құрлықтағы үлгісіне айналуы мүмкін бе?

– Бұл дәлізді құрлықтағы «Панама каналы» деуге болады. Панама каналында әр өткен кемеден салық алынады, «Зангезур дәлізінде» әр өткен көліктен салық алынуы мүмкін. Идея соған сай жасалуда. АҚШ дәлізді жалға алу барысында оңтүстік Кавказдағы тыныштыққа кепілдік берді деуге болады. Себебі бұл дәлізге АҚШ компаниялары инвестиция салады. Артынша сол салынған қаржының пайдасын көруді мақсат тұтады. Қаржы мен инвестиция тыныштықты жақсы көреді. Сол үшін АҚШ Армения мен Әзербайжанның арасында келісім болғанын қалады. Әлбетте, Ресей мен Иран іспеттес мемлекеттер бұл дәліздің ашылуына қарсы. Түрлі арандату әрекеттерін жасауға ұмтылуы мүмкін. Дегенмен соңғы геосаяси оқиғаларға қарай отырып, Мәскеу мен Тегеран бұл дәліздің ашылуына әскери тұрғыдан тікелей кедергі жасауы екіталай деп санаймын. 

Біз үшін оңтүстік Кавказдың тыныш болғаны қажет. Біз транзит аумақтарын әртараптандырып жатырмыз. Соның ең маңызды бағытының бірі осы аймақ саналады. Сол себепті де Қазақстан Уашиңтонда жасалған келісімді қолдады, Армения мен Әзербайжан арасындағы диалогті жағымды ақпарат деп атады.

– Пікіріңізге рақмет!

Амангелді ҚҰРМЕТ