Оңтүстік Кореяда экс-президент Юн Сок Ёльге импичмент жарияланып, ол әскери төтенше жағдай енгізбек болғаны үшін биліктен шеттетілген болатын. Соған байланысты елде кезектен тыс президент сайлауы өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz BBC-ге сілтеме жасап.
Президент сайлауында 5 кандидат бақ сынап жатыр. Алайда қоғамдық сауалнамалар нәтижесіне сәйкес, басты үміткерлер саны екеу. Олар: Демократиялық партия атынан ұсынылған және оның көшбасшысы болған Ли Чжэ Мён және биліктен кеткен президент Юн Сок Ёльдің консервативтік «Азаматтық күш» партиясының кандидаты Ким Мун Су.
KBS, MBC және SBS секілді жергілікті ірі телеарналардың бірлескен экзитполына сәйкес, Ли Чжэ Мён 51,7% дауыс жинаса, Ким Мун Су 39,3% дауысқа ие болған. Үшінші орынға шыққан “Жаңа реформалар” партиясының өкілі Ли Чун Сок 7,7% дауыс жинайды деген болжам бар.
JTBC телеарнасының экзитполы да Ли жеңіске жетуі мүмкін деп болжап отыр. Олар өткізген сауалнама бойынша Ли 50,6% дауыс жинаған, ал Ким 39,4% алған.
Сайлауда басты фаворит ретінде Ли Чжэ Мён танылып отыр: сайлау алдындағы соңғы сауалнамаларда ол Кимнен 10-14 пайызға алда болған, жалпы алғанда сайлаушылардың жартысына жуығы оны қолдап отыр.
Ли Чжэ Мён 2022 жылғы президент сайлауына да қатысып. сол жылы Юн Сок Ёльден 1 пайызға да жетпейтін айырмашылықпен жеңілген болатын. Ал Ким Мун Су – Юн Сок Ёль үкіметінде министр қызметін атқарған саясаткер.