in

Оңтүстік Кореяның бұрынғы бірінші ханымы қамауға алынды

Сеулдің орталық округтік соты Оңтүстік Кореяның бұрынғы бірінші ханымы Ким Гон Хиді қамауға алу туралы ордер берді. Оған пара алу, акциялар арқылы заңсыз мәміле жасау және парламент депутаттығына кандидаттарды іріктеу процесіне араласу айыптары тағылып отыр, –   деп хабарлайды Aikyn.kz Yonhap агенттігіне сілтеме жасап.

Агенттіктің мәліметінше, Ким Гон Хиге 2009-2012 жылдары BMW маркасының Оңтүстік Кореядағы ресми дилері Deutsch Motors компаниясына қатысты акция бағасын қолдан көтеру схемасына қатысқан деген айып тағылған.

Сондай-ақ ол 2022 жылғы аралық және 2024 жылғы жалпы парламент сайлауына кандидаттарды іріктеу ісіне араласқан, бұған қоса Бірігу шіркеуінен іскерлік қолдау көрсету үшін қымбат сыйлықтар алған деп күдіктелуде. Арнайы прокурор жүргізіп жатқан тергеу аясында бұрынғы бірінші ханымға барлығы 16 айып тағылған.

Yonhap мәліметінше, тергеу барысында Ким Гон Хи өзіне тағылған айыптарды мойындамаған.

Айта кетейік, 10 шілдеде Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті Юн Сок Ёль әскери төтенше жағдай енгізуге әрекеттенгені үшін қайтадан қамауға алынды. Арнайы прокурор Чо Ын Сок экс-президенттің дәлелдерді жоюы мүмкін деген қауіппен ордер сұраған.

2024 жылғы 3 желтоқсанда Юн Сок Ёль «солшыл, мемлекетке қарсы күштерді жою» мақсатында елде әскери төтенше жағдай жариялады. Алайда депутаттар бұл шешімді күшін жою туралы дауыс беріп, мемлекет басшысы мен үкімет нәтижені қолдаған болатын. Осыдан кейін қорғаныс министрі отставкаға кетті. Желтоқсан айының ортасында ұлттық ассамблея Юнға импичмент жариялады. 15 қаңтарда ол бірнеше рет тергеуге өз еркімен келуден бас тартқан соң, сұрақ алу үшін қамауға алынып, наурызда босатылған еді.