in

Польша әскери қуатын арттырып жатыр

АҚШ Польшаға 4 млрд АҚШ доллары көлемінде несие кепілдігін бекітті. Әсіресе, әуе және зымырандық қорғаныс жүйесін нығайтуға баса мән берілмек.

Польша бүгінде НАТО-ның жай ғана мүшесі емес, ол альянстың шығыс қанатындағы әскери, саяси және логистикалық тұрғыдан маңызды стратегиялық тірегі. Геосаяси жағдайына байланысты Варшава аймақтың қауіпсіздігіне жауапты белсенді ойыншы. Оның осы ықпалын ескерген АҚШ үкіметі поляк еліне жалпы сомасы 11 млрд доллар көлемінде несие беруді жоспарлап отыр. Оның 4 миллиарды ресми түрде бекітіліп, тараптар екіжақты келісімге қол қойды.

Польша соңғы 3 жылда қорғаныс шығындарын арттырды. 2024 жылы Варшава салаға ЖІӨ-нің 4,1%-ын бөлсе, биыл бұл көрсеткішті 4,7%-ға дейін ұлғайтты. Ал келер жолы оны 5%-ға жеткізуді көздейді. Бұл оны альянстың қорғаныс шығындары ең жоғары мемлекеттердің қатарына қосып отыр.

Польша 3 жыл бұрын Қарулы күштерін ұлғайту туралы стратегиялық шешім қабылдады. Мақсат — 2035 жылға дейін әскер санын 300 мың адамға дейін жеткізу. Қазір оның қарасы 210 мыңды құрайды. Поляк елі осы арқылы әскерін Еуропадағы ең ірі тұрақты армиялардың біріне айналдыруды көздеп отыр.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.