in

Рим Папасы Франциск қайтыс болды

Ватиканда 88 жасында Рим Папасы Франциск дүниеден озды. Рим-Католик шіркеуінің дінбасы биыл ақпан айында тыныс ауруына шалдығып, төсек тартып қалған еді. Бронхитті емдеу үшін Римдегі клиникада 40 күн бойы жатты. Сол аралықта понтификтің тынысы 4 рет тоқтап қала жаздап, дәрігерлер оны өкпені жасанды желдету аппаратына қосуға мәжбүр болған, – деп хабарлайды Aikyn.kz 24kz-ке сілтеме жасап.

Аргентиналық Хорхе Марио Бергольо 2013 жылы 13 наурызда Бенедикт XVI тақтан бас тартқаннан кейін Рим Папасы болды. Ол Қасиетті Таққа Латын Америкасынан сайланған, яғни өзге елдің алғашқы өкілі болды. Католик шіркеу басшылығына келгеннен кейін кедейлерге көмек көрсету, қоршаған ортаны қорғауға баса көңіл аударып, әйелдердің шіркеудегі рөлін арттыруды жақтады. Папа Франциск лауазымына сай сән-салтанаттан бас тартып, қарапайым өмір салтын ұстанды.

Рим Папа Франциск қарапайым өмір сүруді ұнатқан. Сондықтан 2024 жылы қараша айында ол католик шіркеуі басшысын жерлеу дәстүрлерін өзгертіп, рәсімді епископқа тән жұпыны өткізу туралы шешім қабылдаған еді. Ол Ватикан аумағынан тыс жерде, Римдегі Санта-Мария-Маджореде жерленеді. 

2022 жылы Рим Папасы Франциск Астанаға үш күндік сапармен келді. Сол кезде Әлемдік және дәстүрлі діндердің VII съезіне қатысып, дін бостандығы түрлі сенімдегі адамдардың ынтымақ пен мейірімде өмір сүруіне ықпал ететінін, ал Қазақстан осы құндылықтарды сақтауға бейім мемлекет екенін айтқан болатын.  

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.