in

Түркиядағы 27 тарихи орын түнгі уақытта да ашық болады

Түркияның Мәдениет және туризм министрлігі 2025 жылдың 1 маусымынан бастап ел аумағындағы 27 тарихи орын мен музейді кешкі және түнгі уақытта да келушілерге қолжетімді ету жобасын іске асырады, – деп хабарлайды Аikyn.kz 

TRT Haber-дің хабарлауынша, «Түнгі музей» бастамасы арқылы Түркия тарихи-мәдени мұраларын көпшілікке кеңірек танытуды, туристерге ерекше әсер сыйлауды және жыл бойғы туризм аясын кеңейтуді көздеп отыр.

Түнгі уақытта ашық болатын бірқатар тарихи орындар мен музейлер:

Эфес антик қаласы (Измир) – Ежелгі Рим дәуірінің сәулеті сақталған, әлемдік мұра тізіміне енген қала. Артемида храмы, Келс кітапханасы бар. (Сәрсенбі–сенбі, 23:00-ге дейін)

Галата мұнарасы (Стамбул) – XIV ғасырдағы генуэздік құрылыс, қаланың панорамалық көрінісін тамашалауға болады. (23:00-ге дейін)

Анадолы өркениеттері музейі (Анкара) – Түрік жеріндегі көне мәдениеттерге арналған археологиялық жәдігерлер қойылған. (21:00-ге дейін)

Этнография музейі (Анкара) – Түрік халқының дәстүрі мен тұрмысын таныстыратын этнографиялық жинақ. (21:00-ге дейін)

Aspendos антик театры (Анталия) – Әлі күнге дейін қолданылатын ежелгі рим амфитеатры. (22:00-ге дейін)

Patara (Анталия) – Рим империясы кезіндегі маңызды әкімшілік орталықтардың бірі. (22:00-ге дейін)

Side (Анталия) – Теңіз жағасындағы көне қала. Аполлон храмымен танымал. (22:00-ге дейін)

Бодрум суасты археология музейі – Су астынан табылған көне кемелер мен амфорлар қойылған ерекше музей. (22:00-ге дейін)

Хиераполис (Денизли) – Памуккалемен қатар орналасқан ежелгі қала. (23:00-ге дейін)

Зельве–Паша Бағлар (Каппадокия) – Тау ішіндегі шіркеулер мен монастырьлар сақталған аймақ. (21:00-ге дейін)

Деринкую жерасты қаласы (Каппадокия) – Қауіп кезінде паналауға арналған көп қабатты жерасты мекені. (21:00-ге дейін)

Каймаклы жерасты қаласы (Каппадокия) – Мыңдаған адамға арналған күрделі құрылым. (21:00-ге дейін)

Өзконак жерасты қаласы (Каппадокия) – Жасырын өткелдері бар ерекше қорғаныс құрылым. (21:00-ге дейін)

Зеугма мозаика музейі (Газиантеп) – Әлемдегі ең ірі мозаика музейлерінің бірі. (21:00-ге дейін)

Шанлыурфа археология музейі – Гёбеклі тепе жәдігерлері бар, мыңжылдық тарихпен таныстырады. (21:00-ге дейін)

Халеплибахче мозаика музейі (Шанлыурфа) – Жеке үйлердегі мозаикалық композициялар қойылған. (21:00-ге дейін)

Сардес антик қаласы (Маниса) – Ежелгі Лидия патшалығының орталығы. (Маусым айының соңынан бастап түнде ашылады)

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз