Украина мен Ресей арасындағы келіссөздің екінші раунды Ыстамбұлда өтеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz 24kz-ке сілтеме жасап.
Бүгінгі келіссөз Ыстамбұлдың Чыраған сарайында өтіп жатыр. Бұған дейінгі кездесу орны Долмабахче сарайы болған еді. Келіссөздер жергілікті уақытпен сағат 13:00-де, яғни Астана уақытымен 15:00-де басталды.
Бұл келіссөздер – соңғы үш жылда алғаш рет нақты нәтижемен жалғасып жатқан дипломатиялық диалог.
Еске сала кетейік, алғашқы раундта “1000-ға 1000” формуласы бойынша әскери тұтқын алмасу жүзеге асқан болатын. Үш күн ішінде 1 800-ден астам адам үйлеріне оралды.
– Бұл жолғы кездесудің ерекшелігі — меморандум жобасына ерекше назар аударылып отыр. Ресей тарапы Украинаға нақты ұсыныстарын қамтыған құжатты тапсыруға дайын екенін мәлімдеді. Дегенмен Мәскеу бұл құжаттың мазмұнын әзірге жария етпей отыр. Ал украиналық бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Киев дайындаған жоба атысты тоқтату, яғни құрлықта, теңізде және әуеде қақтығысты доғару туралы тармақтарды қамтиды. Сондай-ақ халықаралық бақылаушылардың қатысуымен мониторинг жүйесін құру мәселесі де бар.
Делегация құрамдары да кеңейтілген: Украина тарапын Қорғаныс министрі Рустем Умеров, ал Ресей делегациясын Владимир Мединский бастап келді. Сарапшылар бұл келіссөздерді тек қақтығысты тоқтатуға емес, жалпы халықаралық тұрақтылыққа әсер ететін маңызды кезең ретінде бағалап отыр. Мыңдаған отбасының тағдыры осы келіссөздердің нәтижесіне тәуелді, – деп хабарлады 24kz.