in

Қазақстандық ЖИ-жобасы Ұлыбританиядағы сертификаттау нарығын трансформациялауда

Қазақстандық TrustExam.ai IT-компаниясы (жергілікті нарықта Oqylyq.kz брендімен танымал) Ұлыбританияның кәсіби жүргізушілерді даярлау және білім беру саласындағы жетекші ұйымы – Driving Instructors Association (DIA) қауымдастығымен стратегиялық әріптестік орнатқанын жариялады,  – деп хабарлайды Aikyn.kz Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне сілтеме жасап.

Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшілігінің қолдауымен, TrustExam.ai компаниясы Astana Hub және басқа да қазақстандық IT-компаниялармен бірге 2025 жылғы маусымда Ұлыбританиядағы ең ірі жыл сайынғы технологиялық көрме – London Tech Week шарасына қатысты. Бұл көрмеге 90-нан астам елден 45 000-нан аса қатысушы жиналды.

Қазақстанның ұлттық стенді аясында TrustExam.ai компаниясы жоғары деңгейдегі питч-сессиялар өткізіп, Ұлыбританияның жасанды интеллект және финтех салаларындағы көшбасшыларымен тікелей байланыс орнатты. Нәтижесінде, компанияның Ұлыбританиядағы сертификация нарығында DIA ұйымымен стратегиялық әріптестік орнатуына жол ашылды.

Бұл серіктестік Ұлыбританиядағы көлік және мотоцикл жүргізушілеріне арналған теориялық емтихандар жүйесін цифрлық трансформациялауға бағытталған. Жасанды интеллект технологияларын енгізу тестілеу әділдігін және объективтілігін қамтамасыз етіп, емтихан процесін тез, ыңғайлы әрі кең көлемде өткізуді мүмкін етеді.

TrustExam.ai мәліметінше, кандидаттар үшін бұл күту уақытын қысқартып, икемді кесте мен жүргізуші куәлігін алу жолындағы кедергілерді азайтады. Ал емтихан орталықтары мен оқу орындары үшін сапа мен сенімділікке нұқсан келтірмей, өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді.

Carly Brookfield, DIA-ның бас атқарушы директоры: «DIA практикалық емтихандар мен нұсқаушыларды кәсіби даярлау сапасы бойынша жоғары стандарттарды ұстанады. TrustExam.ai компаниясымен жаңа серіктестік арқылы біз жүргізуші куәлігін алуға немесе нұсқаушы болуға үміткерлердің біліктілігін бағалауға арналған бұрынғыдан да сенімді, тиімді және ыңғайлы шешімдер ұсына аламыз», – деп атап өтті.

TrustExam.ai – Стэнфорд университетінің StartX стартап-экожүйесіне мүше Қазақстандық AI-платформа. Жыл сайын 2 миллионнан астам қолданушыға қызмет көрсететін бұл шешім мемлекеттік органдарға, университеттерге және емтихан орталықтарына академиялық адалдықты қамтамасыз етуге көмектеседі.

Driving Instructors Association (DIA) – Ұлыбританиядағы ең ірі жүргізуші нұсқаушылар қауымдастығы. Ол сала мүдделерін қорғайды және нұсқаушылардың кәсіби дамуына қолдау көрсетеді. DIA құрамындағы Diamond Advanced Motorists бөлімі – жүргізушілерді жетілдіріп оқыту саласындағы халықаралық деңгейде танылған бренд және түрлі мемлекеттік әрі жекеменшік ұйымдардың сенімді серіктесі.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM арнасынан табасыз.