Вашингтонда Америка Құрама Штаттарының президенті Дональд Трамптың арағайындығымен Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев пен Армения премьер-министрі Никол Пашинян тарихи бейбітшілік декларациясына қол қойды, – деп хабарлайды Аikyn.kz
Құжатта мынадай негізгі тармақтар бар:
Әскери қимылдарды толық тоқтату.
Екі тарап мәңгілікке барлық қарулы әрекеттерді тоқтатуға және күш қолдану арқылы дауды шешпеуге келісті. Бұл тармақ ұзақ жылдар бойы жалғасқан қақтығыстарды түбегейлі аяқтауға бағытталған.
Сауда, сапар және дипломатиялық қатынастарды қалпына келтіру.
Декларация елдер арасында шекарадан еркін өту, сауда ағындарын қайта жандандыру және елшілік өкілдіктерін толық қалпына келтіруді көздейді.
Мемлекеттік егемендік пен аумақтық тұтастықты өзара мойындау.
Әзербайжан мен Армения бір-бірінің халықаралық деңгейде танылған шекараларын құрметтеп, күшпен аумақ алу әрекетінен бас тартты.
Минск келіссөз үдерісін тоқтату.
Тараптар Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Минск тобының жұмысын және оған қатысты барлық құрылымдарды жабуға ортақ үндеу жасады, бұл ескі келіссөз алаңынан жаңа форматқа көшуді білдіреді.
TRIPP транзиттік дәлізі.
Trump Route for International Peace and Prosperity деп аталған жаңа жоба аясында Әзербайжанның негізгі аумағы мен Нахчывань автономиялық республикасын Арменияның Мегри қаласы арқылы байланыстыратын жол салынады. Бұл дәлізді 99 жылға Америка Құрама Штаттарының басқаруына беру жоспарланған.
Экономикалық және технологиялық әріптестік.
Америка Құрама Штаттары мен екі ел энергетика, сауда, жоғары технология және инфрақұрылым салаларында жаңа инвестициялық жобаларға кіріседі. Америкалық кәсіпкерлер аймаққа қомақты қаржы құюға дайын.
907-баптың тоқтатылуы.
Америка Құрама Штаттары Әзербайжанға қорғаныс саласындағы шектеулерді алып тастайды, бұл әскери-техникалық ынтымақтастыққа жол ашады.
Болашаққа бағытталған бейбіт қатынас.
Тараптар өш алу ниетінен бас тартып, өзара сенім мен тату көршілік негізінде болашақты бірге құруға уәде берді.