Иран аумағына әуеден жасалған соққылар Тегеранға жақын Эсламшахр қаласындағы тұрғын үйді қиратып, кемінде 19 адамның өмірін қиды. Қаза тапқандардың алтауы – балалар, деп хабарлайды "Қазақпарат".
Ал Израильдің Хайфа қаласына жасалған зымыран шабуылы салдарынан екі адам мерт болып, тағы екеуі із-түзсіз жоғалғандар қатарында, деп жазады DW.
Дүйсенбі, 6 сәуір күні жасалған әуе соққысы Тегеранның оңтүстік-батысында орналасқан Эсламшахр қаласындағы тұрғын үйді толықтай қиратты. Бұл туралы ирандық бұқаралық ақпарат құралдары хабарлады.
IRNA агенттігінің мәліметінше, қаза тапқандар саны кемінде 19 адамды құрайды, оның ішінде алты бала бар. Әзірге дәл осы нысанның не себепті нысанаға алынғаны анықталған жоқ.
Бұл соққы үшін жауапкершілікті әзірге Израиль де, АҚШ та өз мойнына алған жоқ. Шабуыл АҚШ президенті Дональд Трамптың Иран бұғаттаған Ормуз бұғазын қайта ашуды талап еткен мәлімдемесінен кейін жасалған. Кейін Израиль Иран аумағына соққы жасалғанын растады.
Сондай-ақ Тегеранның бірқатар ауданында газбен қамтуда іркілістер болғаны хабарланды. Бұл жергілікті университет аумағына жасалған соққыдан кейін болған оқиға.
IRIB мәліметіне сүйенсек, соққы Шариф университетінің жанындағы жанармай құю стансасына тиген. Соның салдарынан Шариф ауданында газ беру уақытша тоқтатылған.
Израиль аумағында ирандық баллистикалық зымыран портты Хайфа қаласындағы тұрғын үйге түсті. Соққы салдарынан ғимараттың бір бөлігі опырылып құлаған. Құтқару қызметтері түні бойы жұмыс істеп, 6 сәуір таңына қарай ең көп зардап шеккен бөліктегі бір пәтерден екі адамның қаза тапқанын растады. Тағы екі адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында.
Ғимаратты ауыр зымыран соққысы зақымдап, құрылыстың жартысы қираған. Қалған бөлігі өте қауіпті жағдайда тұр, бұл іздестіру-құтқару жұмыстарын айтарлықтай қиындатып отыр.
Хайфа стратегиялық маңызға ие қала болғандықтан, Иран зымырандарының жиі нысанасына айналады. Сонымен қатар, бұл қала көршілес Ливан аумағында әрекет ететін «Хезболла» тобының зымырандары жететін жерде тұр. Құтқару жұмыстары кезінде жаңа шабуыл қаупіне байланысты дабыл жарияланған, алайда кейін ол күшін жойды.
6 сәуір таңында Иран тарапынан үш мәрте зымыран ұшырылғаны тіркелді. Израильдің орталық өңірлерінде әуе дабылы жарияланды. Зымырандардың басым бөлігін әуе қорғаныс жүйелері жойып, қалғандары ашық аумақтарға құлаған.
Жалпы, 5 сәуір күні Иран Израильге қарай төрт рет дүркін-дүркін зымыран атқан. Соның бірі елдің оңтүстігіндегі Беэр-Шева қаласы маңындағы ірі өнеркәсіптік және химиялық кешенге тиген.
