in

Бангкоктағы барда болған өрттен қаза тапқандар саны артты

Таиланд астанасындағы барда болған өрттен қаза тапқандар саны 30-ға жетті. Полиция қайғылы жағдайдың негізгі себебі немқұрайлылық деп болжап отыр, деп хабарлайды astana24.com The Guardian-ға сілтеме жасап.

Бангкоктағы ірі өрт – соңғы 17 жылда елде болған ең үлкен қайғылы жағдай, ондағы құрбандар саны 30-ға жетті.

Аудан басшылығының мәліметінше, сейсенбіде зардап шеккен үш адам көз жұмды. Сарапшылардың алдын ала бағамдауынша, өрттің шығуына төбеге орнатылған кондиционердегі токтың қысқа тұйықталуы себеп болуы мүмкін.

Марқұм болған 27 адамның кімдер екені анықталды, тағы үшеуі әлі нақтыланып жатыр. Зардап шеккендердің көбі – Таиланд азаматтары. Зардап шеккен 24 адамның жағдайы ауыр, 15-і орта деңгейде жарақат алды, ал 36-сы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйлеріне жіберілді.

Ұлттық полиция бастығы Киттират Пханпхеттің мәліметінше, тергеудің негізгі нұсқасы – немқұрайлылық.

Бар иесі қаза тапқандардың отбасына көңіл айтып, мекеменің тергеу ісіне көмектесуге дайын екенін мәлімдеді.

"Біз бұл қайғылы жағдай үшін иіліп кешірім сұраймыз", – делінген бардың әлеуметтік желідегі мәлімдемесінде.

Тергеушілер апаттық шығар есік жабық тұрған-тұрмағанын немесе ол жаққа өтудің қаншалықты қиын болғанын анықтауда. Полиция бастығының айтуынша, құрбандардың көбі апаттық шығар есіктердің бірінің жанындағы терезесіз дәретханалардан табылған. Ол жаққа ешкім бара алмаған, себебі оған барар жерде тәтті сататын үстел тұрған болуы мүмкін немесе адамдар қараңғыда жол таба алмаған.

Ас үйдің жанындағы тағы бір апаттық шығар есіктің де жағдайы тексерілуде. Алдын ала мәлімет бойынша, оған да жетуге сөрелер мен шкафтар бөгет болуы мүмкін. Полиция өрт кезінде кейбір есіктің құлыптаулы тұрған болуы мүмкін деген ақпаратты да тексеріп жатыр.

Тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Инспекторлар сахнаны әрлеу кезінде тез тұтанатын материалдардың пайдаланылған-пайдаланылмағанын және электр сымдарының қаншалықты стандартқа сай екенін анықтауда.