in

Жасанды интеллект адамның «ақымақтығын» күшейтеді

Aikyn.kz ЖИ құралдарының пайдасы мен зиянын gizmodo.com сайтында жарияланған материалдың негізінде сараптайды.

Google X деп аталған перспективалық бөлімшенің бұрынғы бизнес-директоры Мо Гавдаттың айтуынша, әлем жақын болашақта ЖИ саласында болмай қоймайтын антиутопияға бет алады.

«Бізге мүлде бейтаныс әлемге дайындалуға тура келеді», – дейді Гавдат  The Diary Of A CEO  подкастында берген сұхбатында. Оның сөзінше, адамзаттың еркіндік, адами байланыс, жауапкершілік, шындық және билік секілді негізгі құндылықтарына ЖИ елеулі өзгеріс әкеліп жатыр.

Гавдаттың ойынша, бұл антиутопия алыс емес. Оның алғашқы белгілерін өткен жылы көре бастадық. Ал келесі жылы мұндай белгілер одан әрі күшеймекші. Оның болжамынша, бұл құлдилау 2027 жылы басталып, алдағы 12-15 жылға созылады.

«Мұны өзгерту толық біздің қолымызда. Бірақ қазір адамзат бұл мәселеге жеткілікті түрде ден қоймай отыр», – дейді ол.

Алайда Гавдаттың пайымынша, антиутопияның басты қозғаушысы ЖИ емес. Керісінше, ЖИ барлық қоғамдық проблемаларды және «біздің адамдық ақымақтығымызды» күшейтеді.

«ЖИ-дің өзінде еш жамандық жоқ. Машиналар дәуіріндегі адамзаттың құндылықтар жүйесінде көп кемшілік бар», – дейді Мо Гавдат.

Ядролық соғыс сарапшылары ЖИ жуық арада ядролық қарудың негізіне айналуы мүмкін деп алаңдайды. Иллюстрация gizmodo.com сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images

ЖИ антиутопияны тудыру үшін жасалған жоқ, керісінше, оған утопиялық миссия жүктелді. ЖИ сан түрлі саладағы миллиондаған қызметкерлердің жүгін жеңілдетіп, жалпы өнімділікке нұқсан келтірмей, мол уақытты үнемдей алады.

Алайда қызметкерлер үшін жағдай басқаша өрбіп жатыр. Құндылықтардың төрінде капитализм тұрған әлемде бұл утопиялық арман тынымсыз пайда қуалаумен бұрмалануда. Кей сарапшылардың пікірінше, ЖИ-дің еңбек нарығына деструктивті ықпалы әлдеқашан басталған. Технология жұмысты түбегейлі өзгертуде. Адамдардың жұмысын жеңілдетудің орнына, өнімділікті ЖИ арқылы барынша арттырып отырған компаниялар табысын еселеу үшін қызметкерлерді қысқартуда. Немесе жұмыс істеп жүрген мамандарға бұрынғыдан да жоғары талаптар қоюда. Мо Гавдат мұны кездейсоқтық емес дейді. Себебі бүгінгі күні адамзат үшін ең үлкен құндылық – капитализм. 

«Әлеуметтік желілер бізді қаншалықты біріктірді? Қаншалықты жалғыздандырды? Ұялы телефондар бізді қаншалықты аз жұмыс істеуге көмектесті?», – деп сұрайды Гавдат.

Сарапшының айтуынша, ЖИ-ден келетін тағы бір нәрсе – «адам жасай алатын жамандық». Соңғы бір жылдағы жаңалықтарды қадағалап жүргендер үшін бұл таңғаларлық емес. ЖИ арқылы жасалатын дипфейктер, соғыс әрекеттерінде автономды қару мен генеративті ЖИ-ді қолдана отырып өлім күшін арттыру. Осылайша, технология адамзаттың ең жаман ниеттерін іске асыруға қолданылуда.

ЖИ көмегімен жасалатын алаяқтық, әсіресе криптовалюталық схемалар күрт өсті. Блокчейн-талдау компаниясы TRM Labs-тың есебіне сәйкес, криптоалаяқтық ЖИ-дипфейктердің арқасында соңғы жылы 456%-ға өскен. 

ЖИ-дің еңбек нарығына деструктивті ықпалы әлдеқашан басталған. Фото bairesdev.com сайтынан алынды

Ядролық соғыс сарапшылары ЖИ жуық арада ядролық қарудың негізіне айналуы мүмкін деп алаңдайды. ЖИ сонымен қатар қоғамдық бақылау әдістерін жетілдіруде. ЖИ негізінде жұмыс істейтін қоғамдық бақылау жүйелері қазірдің өзінде көптеген елдерде белсенді қолданылуда. Мысалы, Қытайдағы жаппай бақылау инфрақұрылымы. АҚШ үкіметі де ЖИ-ді елге кіруге ниетті иммигранттар мен жолаушылардың әлеуметтік желі аккаунттарын мониторингілеуге пайдалана бастады.

Осының бәріне қарамастан, ЖИ тамаша оң өзгерістер де әкелуде. Әсіресе, медицина мен фармацевтикалық зерттеулерде ғылыми жаңалықтар мен жетістіктерге ықпалы айқын байқалды. 

«Балғамен шеге ғана қағылсын, онымен адам өлтірмесін деп реттей алмайсыз. Дегенмен балғамен кісі өлтіруге қылмыстық жауапкершілік енгізуге болады», – дейді Мо Гавдат.

ЖИ балғасы енді біздің қолымызда және оны біз ұзақ қолданатын боламыз. Бұл жерде басты сұрақ біреу ғана: ЖИ-ді адам өміріне қиянат жасауға қолдануға тыйым салатын заңдар қабылдауға ақыл-ой мен жігеріміз жете ме екен?

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.