Aikyn.kz таза көмір технологиясын, электр қуаты бағасының өсуі мен салдарын wired.com сайтының материалына сүйеніп талдайды.
Электр энергиясы тарифтерінің өсуі өткен жылғы инфляция қарқынынан екі есе жоғары болған. Бағаның бұндай өсуі тек қарапайым тұтынушыларға ғана емес, сонымен қатар өндіріс, құрылыс, көлік және қызмет көрсету салаларына да кері әсер етуде.
Президент Дональд Трамп 2024 жылғы сайлау науқаны кезінде энергия тасымалдаушылардың бағасын екі есеге төмендетуге уәде берген болатын. Алайда қазіргі өсім кері бағытта жүріп жатқандықтан, ол жаңартылатын энергия көздерін кінәлай бастады.
Сонымен қатар Трамп әкімшілігі экономикалық қиындық көріп отырған көмір өнеркәсібіне 625 миллион доллар бөлуді жоспарлап отыр.
Электр тарифтерінің көтерілуіне бірнеше фактор ықпал етті: электр энергиясына сұраныстың артуы (әсіресе пандемиядан кейін); отын бағасының тұрақсыздығы; жаңа генераторларды желіге қосудағы ұзақ кідірістер; инфрақұрылымның тозуы мен инвестиция тапшылығы.
Пенсильвания университетінің зерттеушісі Джон Куигли бұл жағдайды былай түсіндіреді: «Барлық осы факторлар бірігіп, электр энергиясы бағасының жыл сайын үздіксіз өсуіне әкелетін сценарий қалыптастырды».
Электр энергиясының қымбаттауы ең алдымен табысы төмен америкалық отбасыларға ауыр тиген. Биыл электр қуаты үшін төлем жасай алмай, жарығы өшірілген үйлердің саны өскен. Шамамен 80 миллион америкалық электр төлемі мен денсаулық сақтау, тұрғын үй ипотекасы сияқты басқа қажеттіліктерінің біреуін ғана төлеуге мәжбүр болған.
АҚШ тұрғындары тек электр энергиясына ғана емес, табиғи газға және көлік бензиніне де көп ақы төлейді. Бірақ қазір көптеген үйлер электр қуатымен жылытылып, газ пештерін жылу сорғыларымен алмастырып жатыр. Бұл экологиялық тұрғыдан тиімді, бірақ қысқа мерзімде қымбат болады.
Энергетикалық зерттеулер институты (EPRI) деректеріне сәйкес, 2024 жылы орташа америкалық отбасының орташа энергия шығындары 5530 долларды құраған. Оның ішінде бензин шамамен 2930 доллар; электр энергиясы 1850 долларды құрайды.
Зерттеу авторы Джеффри Блэнфордтың айтуынша: «Қазіргі баға өсімі тарихи тұрғыдан аса үлкен секіріс емес».
АҚШ энергетикалық жүйесі өңірлер бойынша да әртүрлі. Мысалы, Техастағы тұрғындар энергияның көп бөлігін көліктерге жұмсаса, Массачусетс штатында — үйді жылытуға қолданады.
EPRI есебіне сәйкес, электрлендіру үрдісі мен энергия тиімділігінің артуы нәтижесінде 2050 жылға қарай америкалықтардың электр энергиясына жұмсайтын нақты шығыны 36%-ға төмендеуі мүмкін.
АҚШ Энергетика министрлігі азаматтарға жоғары тарифтермен күресудің бірнеше жолын ұсынған. Америкалықтарға үйге энергия аудитін жүргізу, энергия үнемдейтін тұрмыстық техниканы пайдалану, екі қабатты терезелер орнату, есіктер мен терезелердегі саңылауларды жабу сияқты кеңестер берілген.
Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігі мен таза көмір энергиясы
Президент Дональд Трамптың көмір саласына 625 миллион доллар бөлу және көмірді энергия көзі ретінде сақтап қалу туралы шешімі дәстүрлі энергия ресурстарына қайта назар аударудың белгісі деп қабылдануда.
Қазақстан билігінде де осыған ұқсас өзгерістер байқалуда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 8-қыркүйекте жариялаған Жолдауында таза көмір технологияларын пайдаланып, электр энергиясы тапшылығын қысқартуды ұсынды. Экологиялық жауапкершілікті сақтай отырып, көмірді электр өндіру қуатын арттыруда қолдану елдің энергетикалық тұрақтылығын күшейту жолы екенін Aikyn.kz бұған дейін жазып келеді. Ол материалдарды төмендегі сілтемелер арқылы оқуыға болады:
Financial Times: атом энергиясының тәуекелі жоғары және технологиялық жағынан күрделі
Дамыған елдер АЭС-ті қандай технологиямен салып жатыр?
АҚШ пен Ұлыбританияда жаңа атом станцияларында қиындықтар пайда болды
АЭС жобалары қымбат, экологиялық тұрғыдан қауіпті және салыну мерзімі ұзақ (15-20 жыл, одан да ұзаққа созылуы мүмкін) екені белгілі. Бұндай жобаларға ондаған миллиард доллар инвестиция қажет. Ал радиациялық қауіптер мен қалдықтар мәселесі АЭС-тің экономикалық тұрғыдан тиімсіз екенін дәлелдей түседі.
Ал Екібастұзда жаңа ГРЭС салу – анағұрлым тиімді әрі қауіпсіз болады. Бұл жоба 3-4 жылда жүзеге асырылады, ол арзан, сондай-ақ болашақ ұрпаққа «радиациялық мұра» қалдырмайды. Осылайша таза көмір технологияларын енгізу арқылы Қазақстан экологиялық қауіптерді азайтып, энергия тиімділігін оңай арттыра алады. АҚШ-тағы көмірге қайта бетбұрыс үрдісі Қазақстан үшін инновациялық және технологиялық ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін де ашады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.