Aikyn.kz әлемдік ақпарат агенттіктері таратқан жаңалықты slashgear.com сайтындағы хабарламаға сүйеніп, қымбат сыйлықтың этикалық, қауіпсіздік және құқықтық мәселелерін талдайды.
Қатар үкіметінің америкалық президентке жасайтын сыйлығы бірқатар этикалық, қауіпсіздік және құқықтық мәселелерді тудырып отыр. Алайда Boeing 747-8 ұшағының бұл нұсқасы әдеттегі жолаушылар тасымалдауға емес, жеке тұлғалар мен олардың серіктеріне арналған «әуе сарайы» ретінде жасалған. Boeing компаниясы оны аса сәнді интерьермен жабдықтап, арабтық монархияның қолдануына бейімдеген.
Boeing Business Jets (BBJ) ұшағын Boeing компаниясының іскерлік бағыттағы әуекемелеріне маманданған бөлімшесі жасаған. Айта кету керек, BBJ бүгінде 747 моделін ресми түрде ұсынбайды. Қатардың Америка билігіне арнаған сыйлығы ерекше тапсырыспен, толықтай дербес жобаланған.
Дональд Трамптың президенттік мерзімі аяқталғаннан кейін, бұл ұшақ оның президенттік кітапханасына берілмек.
Ұшақ төрт General Electric GEnx-2B қозғалтқышымен жабдықталған. Олар бүгінде Boeing 787 Dreamliner-де қолданылады. Бұл қозғалтқыштар 2008 жылы жасалған. Олар қазіргі Air Force One ұшағындағы CF6 қозғалтқыштарына қарағанда жаңа әрі тиімді.
Жаңа ұшақтың габариттері де ауқымды: қанатының ұзындығы – 68 метр. Салыстырмалы түрде қазіргі VC-25A (Air Force One) ұшағының қанатының ұзындығы – 59 метр. Демек, жаңа ұшақ үлкен әрі заманауи болмақшы. Қазіргі президенттік ұшақ 1990 жылдан бері қолданыста, сондықтан техникалық тұрғыдан Boeing 747-8 жаңартуға лайық балама саналады.
Қатарлық ұшақты президенттің ұшағына айналдыру – күрделі әрі қымбат болады. Фото washingtonpost.com сайтынан алынды. Авторлығы: AP / Evan Vucci
Қатардың сыйлық ретінде дайындаған ұшағы мен қазіргі Air Force One сырттай ұқсас болғанымен, олар бірдей емес. Қазіргі президенттік ұшақ – Boeing 747 негізінде жасалғанымен, оның нақты әскери белгісі – VC-25A.
VC-25A әуеде жанармай құюға қабілетті және зымыран шабуылдарына қарсы қорғаныс жүйелерімен жабдықталған. Оның күшейтілген байланыс жүйесі кез келген жерден президенттің басқару орталығы сияқты әрекет ете алады. Бұл – ең алдымен президентке бейімделіп жабдықталған әскери мақсаттағы ұшақ.
Қатарлық ұшақты президенттің ұшағына айналдыру – күрделі әрі қымбат болады. Қатар ұшағын VC-25A орнына пайдалануға болғанымен, оны Air Force One талаптарына жеткізу үшін жан-жақты қауіпсіздік тексерулерін жүргізіп, шабуылға қарсы жүйелер мен президенттік деңгейдегі байланыс құралдарын орнату керек. Яғни, бұл жай ғана интерьерді жаңарту емес, ұшақты толық өзгертіп, қайта құрастыруды қажет ететін ірі әскери жоба болмақ.
АҚШ пен Қатар арасындағы ұшақты сыйлауға байланысты келісім әлі талқылануда. Қатардың Boeing 747-8 ұшағы өзінің сән-салтанаты мен техникалық сипаттамалары бойынша жаңа президенттік ұшақ болуға лайық. Алайда оны нағыз Air Force One деңгейіне жеткізу үшін қауіпсіздік, байланыс және әскери инфрақұрылым тұрғысынан күрделі жаңғырту қажет. Бұл тек символ емес, Air Force One – бұл әуеде ұшып жүретін Ақ үй.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.