in

Үндістанда құлаған ұшақтың қара жәшіктері табылды

Үндістанда құлаған Air India AI171 ұшағының екі қара жәшігі де табылды,  – деп хабарлайды Аikyn.kz сайты. 

Үндістан премьер-министрі Нарендра Модидің бас хатшысы Прамод Кумар Мишра борттағы өздігінен жазу құрылғысы табылғанын хабарлаған. 

The Ecomomic Times газетінің мәліметінше, оларды оқуға төрт-бес күн уақыт кетуі мүмкін. Алғашқы қара жәшік жұма күні Ахмедабадта Air India АИ-171 рейсі құлаған жердегі ғимараттың төбесінен табылған. Үндістанның әуе апаттарын тергеу бюросына қайғылы оқиғаның себептерін анықтауға көмектесу үшін бірнеше халықаралық сарапшылар тобы Ахмедабадта жиналды. 

«Есепті үш ай ішінде жариялау жоспарланып отыр», –  делінген жазбада.

Борттағы өздігінен жазу құрылғысы тергеушілерге кабинада және әуекемесінің жүйелерінде болған қайғылы жағдайдың объективті есебін ұсынып, себебін анықтауға көмектеседі.

Бұған дейін халықаралық авиация сарапшыcы Чжан Вэй әуекөлігінің құлауына техникалық ақаудан бөлек ауа райының қолайсыздығы ықпал еткенін жазған едік. 

Еске салайық, Ахмедабад-Лондон бағытымен ұшқан Boeing 787 Dreamliner жолаушылар ұшағы медициналық колледж жатақханасының үстіне құлап, 300-ден аса адам опат болды. Борттағы 242 адам қаза тапқан болатын.