Шымкентте Әділет департаментінің қызметкерлері Coca-Cola брендімен қолдан жасалған контрафактілік өнімдерді анықтады, деп хабарлайды Әділет министрлігіне сілтеме жасаған astana24.com.
Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, қала базарларында жоспардан тыс тексеру нәтижесінде Coca-Cola брендімен қолдан жасалған өнімдерді сату фактілері анықталған.
"Тексеруге құқық иеленуші – The Coca-Cola Company компаниясының ресми өтініші негіз болды. Компания өздерінің айрықша құқықтарының бұзылғаны және қала сөрелерінде шығу тегі күмәнді өнімдердің пайда болғаны туралы мәлімдеген", – делінген хабарламада.
Қала базарларының аумағында жүргізілген жоспардан тыс тексерулер барысында контрафактілік салқындатқыш сусындардың ірі партиясын сату фактісі расталған.
Өнімдерде қолдан жасау белгілері, таңбалау стандарттарының бұзылуы және құқық иеленушінің тиісті рұқсат құжаттарының болмауы анықталған.
Анықталған фактілер бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 158-бабы (Бөтеннің тауар таңбасын, қызмет көрсету таңбасын, тауар шығарылған жердің атауын немесе біртекті тауарлар немесе көрсетілетін қызметтер үшін соларға ұқсас белгілерді заңсыз пайдалану) бойынша әкімшілік іс қозғалған.
Іс материалдары сотқа жолданған.
