Қазақстанда бірнеше пәтері бар адамдар үшін салықты көтеру ұсынылды. Сарапшылар бұған қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды astana24.com 31 арнаға сілтеме жасап.
Телеарнаның мәліметінше, "Отбасы банк" басшысы Ләззат Ибрагимова жылжымайтын мүлкі көп адамдарға салық мөлшерін көтеруді ұсынды. Оның пікірінше, бұл "қызып" кеткен нарықты тыныштандырып, тұрғын үй бағасын төмендетуі мүмкін.
Оның айтуынша, кейін жалға беру үшін немесе қайта сату үшын алынған пәтерлерді сатып алу кезінде салық мөлшері жоғары болуы қажет. Ал сарапшылар мұндай жағдайда әр мәмілеге жеке -жеке қарау керек деп санайды.
"Екі немесе үш пәтері бар адам, иә, ол қазіргі уақытта оларды жалға беріп отырған болуы мүмкін немесе туыстарына беріп отыр, мұндай тәжірибе бар, бірақ болашақта оларды балаларының меншігіне қалдырамыз деп ойлайды. Идея жақсы және біз оны қолдаймыз, бірақ салық заңнамасына сәйкес, біз тізілімдерді, салық шегін, мүліктің құнын және оның болашақтағы өсуін нақты анықтауымыз керек", – дейді тәуелсіз сарапшы Диляра Сейтнурова.
Жаңа Салық кодексінде құны 450 млн теңге болатын жылжымайтын мүлік иелері үшін салық мөлшері жоғары болатыны қарастырылған. Сонымен қатар биылдан бастап Қазақстанда меншігінде екі жылдан аз болған пәтерді сатқан кезде құнының өсімінен табыс салығы төленеді. Дегенмен көптеген сатушы салық сомасын аз төлеуге тырысуда.
Ол үшін ақшаның бір бөлігі қолма-қол ақшамен беріледі, ал сатып алу-сату шартында төмендетілген баға көрсетіледі.
"Егер біз баға күрт өспесін десек, әкімшілік шараларды қолданғымыз келсе, пәтер сатып алуға қолма-қол ақшаны пайдалануға тыйым салуымыз керек. Сонда олар нақты бағаны жариялауға мәжбүр болады, бұл нарықтың салқындауына әкелуі мүмкін", – деді салық жөніндегі сарапшы Айдар Масатбаев.
Сонымен қатар пәтерлерді табыс көзі ретінде сатып алу ірі қалаларда жиі кездеседі. Ал бір және екі бөлмелі пәтерлерге деген сұраныс олардың кірісі жоғары екенін көрсетеді.
"Бір және екі бөлмелі пәтерлер екі есе танымал. Мұның себебі неде? Бір бөлмелі пәтерлер сұранысқа ие болғандықтан жалға алу мақсатында сатып алынады немесе тек арзанырақ болғандықтан алғашқы баспана ретінде сатып алынады", – деп атап өтті Қазақстан Риэлторларының өзін-өзі реттеу қауымдастығы президентінің кеңесшісі Нина Лукьяненко.
Сонымен қатар, сарапшылардың пікірінше, ауқатты қазақстандықтарға арналған пәтерлерге қосымша салық енгізу жалға беру нарығына үлкен соққы болады. Бұл жалдау ақысының өсуіне әкеледі, себебі үй иелері қосымша шығындарды жалға алушыларға жүктейді.
