Үкімет брифингінде оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова еліміздің мектептері ТЖБ мен БЖБ-дан бас тартуы мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды astana24.com.
Оқу-ағарту министрі бұрынғы бақылау жұмыстары, диктант қайтарылатынын айтты
"Оқу-ағарту министрлігі ТЖБ және БЖБ бойынша кең ауқымды талдау жұмыстарын жүргізіп жатыр, себебі бұл білім беру стандарттарында белгіленген, критерийлерге негізделген бағалау. Қазір біз бөлек бағалауларды енгізіп жатырмыз – диктант, шығарма жазу, мазмұндамалар. Сондықтан біз ТЖБ-дан біртіндеп бас тартуды ойластырып жатырмыз", – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Министрдің айтуынша, одан бас тарту үшін нақты себеп керек. Сол үшін 1-ден 11-ге дейінгі сыныптарға талдау жүргізілді.
"Оқушылардың тапсырмалары мен жауаптарын қарастырдық. Әрине кейбір жүйелер ТЖБ, БЖБ жауаптарын жүктемейді. Тамыз конференциясында қай сыныптар үшін бұл бағалау қалатынын, ал кімдерге ауыстыратынымызды нақты айтамыз", – деді министр.
