in

Қазақстанда жаңа партия ресми түрде тіркелді (видео)

Қазақстанда "Әділет" саяси партиясы мемлекеттік тіркеуден өтті. Бұл туралы партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасаған astana24.com хабарлайды.

Партияның баспасөз қызметінің мәліметінше, 2026 жылғы 1 маусымда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Әділет министрлігі "Әділет" саяси партиясын мемлекеттік тіркеуден өткізген.

Партия түрлі салалардағы кәсіби қауымдастық өкілдерін біріктіреді. Оның қатарында еңбек адамдары, мұнай сервистік және тау-кен металлургиясы салаларының қызметкерлері, шахтерлер, спортшылар, педагогтер, дәрігерлер, ғалымдар, кәсіпкерлер, IT мамандары, заңгерлер және креативті индустриялардың өкілдері бар.

"Партия бағдарламасының негізінде әділеттілік, жауапкершілік, заңдылық, теңдік, отансүйгіштік және прогресс қағидаттары жатыр. Негізгі басымдықтар ретінде заң үстемдігі мен құқықтық тәртіпті нығайту, тиімді институттарды дамыту, өңірлерді қолдау, цифрландыруды ілгерілету, адами капиталды дамыту және бәсекеге қабілетті экономиканы қалыптастыру айқындалған.

"Әділет" партиясы өз қызметін кәсібилікке, қоғамдық диалогқа және жауапты азаматтық ұстанымға сүйене отырып, әділетті, заманауи әрі бәсекеге қабілетті Қазақстанды дамытуға қосылатын үлес деп қарастырады", – делінген хабарламада.

Алдағы уақытта партия ұйымдық құрылымын одан әрі қалыптастыру жұмыстарын жалғастырып, өңірлердегі қызметін жүйелі түрде дамытпақ.

Сондай-ақ "Әділет" партиясының ресми түрде тіркелуіне байланысты оның төрағасы Айбек Дәдебай халыққа үндеу жасады.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от «Әділет» партиясы/ Партия «Әділет» (@adilet_partiyasy)