in

Қорғаныс министрлігі қазақстандықтарға әскери техникалардың қозғалысы туралы ескертті

Өңірлердегі жекелеген автожол учаскелерінде әскери техникалар жүруі мүмкін. Осыған байланысты Қорғаныс министрлігі өкілдері мәлімдеме жасады, деп хабарлайды astana24.com.

Ведомство мәліметінше, 29 маусым мен 2 шілде аралығында Қарулы Күштердің әскери бөлімдері мен мекемелерінде әскерлерді жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежелеріне келтіру бойынша кешенді тактикалық-саптық сабақтар өткізіледі.

Іс-шаралар жеке құрам мен бөлімшелердің әскерлерді жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежелеріне келтіру кезіндегі практикалық дағдыларын жетілдіруге бағытталған.

"Өткізілетін іс-шаралар жоспарлы оқу сипатында болады және негізінен әскери бөлімдердің аумақтарында және оқу полигондарында ұйымдастырылады. Осыған байланысты әскери техниканың қозғалысы байқалуы мүмкін", – делінген ресми хабарламада.

Жекелеген бөлімшелер оқу полигондары мен оқу орталықтарына жоспарлы марштар жасайды. Осы кезеңде өңірлердегі жекелеген автожол учаскелерінде жол қозғалысына уақытша шектеулер енгізілуі мүмкін.

Осыған байланысты Қорғаныс министрлігі азаматтарды, әлеуметтік желі қолданушыларын және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін тек ресми ақпарат көздерінде жарияланған мәліметтерді басшылыққа алуға шақырады.