Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайыловты қабылдады, деп хабарлайды Ақордаға сілтеме жасаған astana24.com.
Президенттің баспасөз қызметінің мәліметінше, Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары аудиторлық палатаның биылғы алғашқы жартыжылдықта атқарған жұмысының қорытындысы туралы есепті тыңдаған.
Әлихан Смайыловтың айтуынша, аталған кезеңде сомасы 5,8 триллион теңгені құрайтын 13 ірі мемлекеттік аудит жүргізілген.
Тексеру жұмыстары жекелеген өңірлердің жергілікті атқарушы органдарын, "Проблемалық кредиттер қоры", "Аграрлық корпорация", "Қазпошта", "Ақтау теңіз порты" акционерлік қоғамдарын, денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымы мен бірқатар мемлекеттік органды қамтыған.
Анықталған кемшіліктерді жою нәтижесінде мемлекет бюджетіне 128 миллиард теңге қайтарылған. Үкімет пен аудит нысандарына 35 ұсыным мен 413 нұсқама жіберілген.
Сонымен қатар мемлекет басшысының бюджет үдерісін жетілдіру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында ұлттық заңнамаға Жоғары аудиторлық палатаның бастамасымен бірқатар өзгеріс енгізілген. Атап айтқанда, макроэкономикалық болжам қалыптастырудың жаңа ережесі қабылданып, мемлекет қаражатын жұмсауға қатысты қазыналық бақылау күшейтілген және төртінші тоқсанда бюджетке түзету енгізуге тыйым салынған.
Бұдан бөлек, Жоғары аудиторлық палата төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа жекешелендіру үдерісінің ашықтығы мен тиімділігін арттыру шаралары, сондай-ақ агроөнеркәсіп кешенін реттеу тетігін жетілдіру жөнінде мәлімет берген.
Әлихан Смайыловтың баяндамасына сәйкес, биыл екінші жартыжылдықта 20 мемлекеттік аудитті аяқтау жоспарланған. Оның төртеуі мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша қолға алынған. Яғни Шымкент қаласына, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарына, сондай-ақ фармацевтикалық өнім өндірушілерді қолдау тетіктеріне тексеру жүргізіледі.
Сондай-ақ газ бен инвестиция салалары, "Жасыл даму" АҚ, "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ қызметі, жекелеген ұлттық жобалар, "Ауыл – ел бесігі" жобасы және басқа да бағыттар тексеруден өтпек.
Жаңа Құрылтаймен өзара іс-қимыл аясында 2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы бағаланатын болады.
Президент кездесу соңында заманауи цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект технологияларын енгізуге басымдық бере отырып, мемлекеттік аудит жүйесін жетілдіру жөнінде бірқатар тапсырма жүктеген.
