in

Радиоактивті қалдықтар туралы жаңа заң: Қазақстанда не өзгереді

Қазақстан неліктен "Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу туралы" жеке заң қабылдады, ол қандай жаңа тетіктер енгізеді, елге Ұлттық оператор не үшін қажет және осының бәрі экологиялық қауіпсіздікке қалай әсер етеді? Бұл сұрақтарға ҚР ҰЯО РМК бас директорының орынбасары, PhD, Әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ерболат Қоянбаев жауап берді.

– Қазақстанға "Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу туралы" жеке заң не үшін қажет болды?

– 2026 жылғы 7 шілдеде Қазақстан Республикасының президенті "Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу туралы" Заңға қол қойды. Жаңалықтар таспасында кеңінен жарияланбаған бұл оқиғаны отандық атом саласы үшін, сөзсіз, тарихи маңызы бар қадам деп атауға болады. Себебі бұл еліміздің ядролық және экологиялық қауіпсіздік жүйесін дамытудың маңызды кезеңі болып саналады.

Жаңа заң қабылданғанға дейін радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу мәселелері бірнеше нормативтік құқықтық актілермен: Атом энергиясын пайдалану туралы заңмен, Экология кодексімен, санитариялық талаптармен және басқа да құжаттармен реттеліп келді. Бұл процесс қатысушылары арасындағы жауапкершілікті бөлу мәселесін қиындатып, радиоактивті қалдықтарды басқарудың бірыңғай мемлекеттік жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік бермеді. Жаңа заң аталған нормаларды бірыңғай жүйеге біріктіріп, радиоактивті қалдықтардың өмірлік циклінің барлық кезеңдерінде оларды басқарудың заманауи қағидаттарын белгілейді.

– Заң қандай жаңа тетіктер мен талаптарды енгізеді?

– Заң алғаш рет радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу объектілерінің өмірлік циклінің барлық кезеңдерін – алаңды таңдаудан бастап, радиоактивті қалдықтарды түпкілікті оқшаулау пункттерін, көму пункттерін салу, оларды пайдаланудан шығару, жабу және кейінгі ұзақ мерзімді мониторинг жүргізуге дейінгі процестерді толық реттейді. Мұндай тәсіл ядролық қауіпсіздік саласындағы халықаралық тәжірибеге және ұсынымдарға сәйкес келеді.

Заңда қалдықтарды өндірушінің жауапкершілік қағидатына ерекше назар аударылған. Қызметі радиоактивті қалдықтардың пайда болуына әкелетін ұйымдар оларды қауіпсіз басқаруды қамтамасыз етуге, есепке алуды жүргізуге, радиациялық қауіпсіздік талаптарын сақтауға және қажетті іс-шараларды қаржыландыруға міндетті. Болашақта бұл норма радиоактивті қалдықтардың түзілуін барынша азайтуға мүмкіндік беретін технологияларды әзірлеу мен қолдануды ынталандырады, осылайша қоршаған ортаға төнетін қауіпті төмендетеді.

Заң мемлекеттік органдардың радиоактивті қалдықтар саласындағы лицензиялау, есепке алу және бақылау жөніндегі өкілеттіктерін кеңейтеді. Объектілердің қауіпсіздігіне қойылатын бірыңғай талаптар, күшейтілген радиациялық бақылау, сақтау және көму объектілерін физикалық қорғау, сондай-ақ белгіленген талаптардың сақталуына мемлекеттік қадағалау көзделеді.

Радиоактивті қалдықтарды мемлекеттік есепке алуға ерекше назар аударылған. Бұл оларды басқарудың барлық кезеңдерінде қадағалауды қамтамасыз етуге және саланың ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.

Заңның негізгі мақсаттарының бірі – ұзақ мерзімді қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Құжат қауіпсіздіктің көпдеңгейлі тосқауылдары ұғымын енгізеді, сақтау және көму объектілеріне тұрақты экологиялық және радиациялық мониторинг жүргізуді, сондай-ақ олар жабылғаннан кейінгі бақылауды қарастырады. Мұндай тәсіл ұзақ мерзімді перспективада да радиоактивті заттардың халыққа және табиғи ортаға әсер ету ықтималдығын айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді.

Негізгі жаңалықтардың бірі – Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу жөніндегі ұлттық операторды құру. Бұл ұйымға ел аумағында радиоактивті қалдықтарды көму пункттерін құру және пайдалану бойынша айрықша құқық беріледі және ол радиоактивті қалдықтарды қауіпсіз түпкілікті оқшаулауға байланысты барлық жұмыстар кешеніне жауап береді.

– Ұлттық операторды құру неліктен заңның негізгі жаңалықтарының бірі болып саналады?

– Жаңа заңға сәйкес Ұлттық операторды уәкілетті орган, біздің жағдайда – Атом энергиясы жөніндегі агенттік ведомстволық бағынысты ұйымдар арасынан айқындайды. Яғни, Ұлттық оператор – уәкілетті органның тікелей бақылауымен жұмыс істейтін мемлекеттік ұйым.

Бұл өте маңызды, өйткені радиоактивті қалдықтардың ерекшелігі – олар үшін жауапкершілік мерзімі жылдармен немесе тіпті ондаған жылдармен емес, ғасырлармен өлшенеді. Бірде-бір коммерциялық құрылым осындай ұзақ уақыт аралығында өз міндеттемелерінің орындалуына кепілдік бере алмайды. Ал мемлекет мұндай кепілдікті қамтамасыз ете алады. Ұлттық оператордың ведомстволық бағынысты мәртебесі көму объектілерінің ұзақ мерзімді қауіпсіздігі мемлекеттің, оның институттарының және азаматтар алдындағы міндеттемелерінің болуымен қамтамасыз етілетінін білдіреді.

Мұндай тәсіл Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің ұсынымдарына және Қазақстан қатысушысы болып табылатын Пайдаланылған отынмен жұмыс істеу қауіпсіздігі туралы және радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу қауіпсіздігі туралы бірікке конвенцияның талаптарына толық сәйкес келеді. Осындай модельдер атом энергетикасы дамыған елдерде де табысты қолданылып отыр: Франция, Ұлыбритания, Швеция, Финляндия, Германия, Бельгия, Оңтүстік Корея, Ресей және Жапонияда мемлекет бақылауындағы операторлар жұмыс істейді.

– Жаңа заң азаматтардың өміріне және елдің экологиялық қауіпсіздігіне қалай әсер етеді?

– Әрине, қарапайым азамат жаңа заңның қолданысын тікелей байқамауы мүмкін. Жаңа түбіртектер пайда болмайды, тарифтер өзгермейді және халық тарапынан қандай да бір әрекеттерді талап етпейді. Барлық жұмыс, бейнелеп айтқанда, "көзге көрінбейтін" түрде: зертханаларда, мамандандырылған объектілерде, жобалау институттарында жүргізіледі. Алайда дәл осы көрінбейтін жұмыс ұзақ мерзімді перспективада елдегі экологиялық жағдайды едәуір жақсартуға мүмкіндік береді.

Біріншіден, Қазақстанда радиоактивті қалдықтарды қайта өңдеу және кондициялау бойынша заманауи технологиялар енгізілетін болады. Қалдықтар ұзақ мерзімді сенімді оқшаулауға жарамды тұрақты әрі ықшам нысандарға келтіріледі. Бүгінде уақытша сақтау орындарында сақталып, одан әрі шешімін күтіп тұрған қалдықтар түпкілікті және қауіпсіз түрде басқару жүйесіне көшіріледі.

Екіншіден, ең қатаң халықаралық стандарттарға сәйкес жобаланатын радиоактивті қалдықтарды көму пункттері (РҚКП) құрылатын болады. Мұндай объектілердің басты ерекшелігі – олардың қауіпсіздігі жай ғана жария етілмей, жүздеген жылдарға ғылыми тұрғыдан негізделуі. Көп деңгейлі қорғаныс жүйесі, геологиялық, гидрогеологиялық және сейсмикалық жағдайларды ескере отырып алаңдарды мұқият таңдау, ұзақ жылдар бойы жүргізілетін зерттеулер мен модельдеу жұмыстары – мұның барлығы радиоактивті қалдықтардың олардың ықтимал қауіпті кезеңі бойы адамнан және қоршаған ортадан сенімді оқшаулануын қамтамасыз етеді.

Үшіншіден, Ұлттық оператордың жүйелі жұмысы тарихи мұра болып қалған мәселелерді кезең-кезеңімен шешуге мүмкіндік береді. Ондаған жылдар бойы ықтимал қауіп көзі болып келген объектілер бірыңғай талаптар мен бірыңғай жауапкершілік шеңберінде қауіпсіз жағдайға келтіріледі.

– Жаңа заңды іске асырудан қандай ұзақ мерзімді нәтижелер күтеміз?

– Бұл жұмыстың қорытындысын қарапайым түрде былай тұжырымдауға болады: радиациялық тұрғыдан алғанда еліміз әлдеқайда таза әрі қауіпсіз болады. Семей полигонының сынақтарын бастан өткеріп, ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан Қазақстан бүгінде келесі қисынды қадамға барып отыр: радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеудің өркениетті, ашық және ғылыми тұрғыдан негізделген жүйесін қалыптастыруға бағыт алды.

Жаңа заң бұл жұмысты аяқтамайды, керісінше оған жол ашады. Алда заңға тәуелді нормативтік актілерді қабылдау, Ұлттық оператордың қалыптасуы, инфрақұрылым объектілерін жобалау және салу жұмыстары тұр. Дегенмен құқықтық негіз қаланды және ол берік негізде қаланды. Атом энергетикасын дамыта отырып, Қазақстан сонымен қатар оның салдары үшін толық жауапкершілікті өз мойнына алады. Болашақты және келешек ұрпақты ойлайтын мемлекеттер дәл осы жолды таңдайды.