FlyArystan Алматы – Чунцин бағыты бойынша тікелей рейстерді іске қосады, деп хабарлайды әуекомпаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған astana24.com.
Лоукостердің баспасөз қызметінің мәліметінше, жаңа бағыт әуекомпанияның Қытайдағы бесінші бағыты болады және FlyArystan-ның Үрімші, Құлжа (Инин) және Сиань қалаларына орындалып жатқан тұрақты рейстерін толықтырады.
"Жаңа бағыттағы алғашқы рейс 2026 жылғы 23 қыркүйекке жоспарланған.
Рейстер аптасына екі рет орындалады: Алматыдан ұшулар – сәрсенбі және сенбі күндері, ал Чунциннен кері рейстер – бейсенбі және жексенбі күндеріне жоспарланған", – делінген хабарламада.
Алматы – Чунцин арасындағы ұшу ұзақтығы шамамен 5 сағат.
"Чунцин – Қытайдың ең ірі мегаполистерінің бірі әрі елдегі ең танымал туристік орталықтардың қатарында. Қала өзінің ерекше көпдеңгейлі сәулетімен және қайталанбас келбетімен танымал.
Оның ең әйгілі көрікті орындарының бірі – тұрғын үй ғимаратының ішінен өтетін метро желісі. Бұл нысан қазіргі Чунциннің басты символдарының біріне айналған.
Сонымен қатар қала Қытайдың оңтүстік-батыс өңіріндегі танымал орындарға саяхат жасау үшін қолайлы нүкте саналады. Олардың қатарында кварцит жартастарымен әйгілі әрі "Аватар" фильміндегі қиял-ғажайып әлемнің табиғатына ұқсастығымен кеңінен танылған Чжанцзяцзе ұлттық паркі бар", – делінген хабарламада.
