in

Бойы 2 метрден асады: Таразда тұратын ең бойшаң спортшы қыз шетелдік клубтардың назарына ілікті (видео)

Бойы 2 метрден асатын еліміздегі ең бойшаң споршы қыз Таразда тұрады. Баскетболшы Аяжан Амангелдиева табиғат берген ерекшелігін үлкен спорттағы басты артықшылығына айналдырған, деп хабарлайды "Алматы" арнасы.

Қазір ол кәсіби түрде баскетболмен айналысып, шетелдік клубтардың да қызығушылығын тудырып отыр. Аяжанның спорттағы жолы дзюдодан басталған. Кейін волейболмен айналысыпты. Соңғы бірнеше жылдан бері баскетболды кәсіби түрде таңдаған.

Биік бойы спортта айқын басымдық бергенімен, күнделікті өмірде қолайсыздықтар да кездеседі екен. Мысалы, спортшы аяқ киімін көбіне шетелден тапсырыспен алдырады.

"Бой екінің біріне беріле бермейді. Өзімді жақсы көремін, адамдардың ортасында денемді тік көтеріп жүруге тырысамын. Аяқ киімді көбіне шетелден тапсырыс беріп алдыртамын. Ал киімдерді болса, қазір спорттық киімдер көп, оверсайз өлшемде ғой. Оның бәрі тез табылады. Ал классикалық киімдерді тіктіруге тура келеді", – деді қала тұрғыны Аяжан Амангелдиева.

Аяжанның ұзын бойы кішкентай кезінен-ақ айналасындағылардың назарын аударған. Анасының айтуынша, бұл ерекшелік оған атасынан берілген. Өйткені ол 2 метр 10 сантиметр болыпты.

"3-4 сыныптан бастап бойы мұғалімдермен бірдей болып жүретін. Аяжанның атасының бойы 2 метрден асатын. Алып денелі, қолдары үлкен, дауысы да жуан, ерекше болатын. Аяжан сол кісіге ұқсады деп ойлаймын", – деді Аяжанның анасы Толқын Күзенова.

Аяжан спортпен қатар, шығармашылық салада да бағын сынап көрген. Ол толықметражды көркем фильмге түсіп, кино әлемінде дебют жасапты. Дегенмен бүгінде оның бар назары үлкен спортта. Қазір спортшы кәсіби шеберлігін шыңдап, жоғары нәтижеге қол жеткізуді мақсат етеді.

"Баскетболда бойдың ұзын болғаны – артықшылық. Өйткені алаңдағы көптеген позицияда бойшаң ойыншылар ойынның қарқынын қалыптастырып, шабуылды тиімді ұйымдастырады. Қолдың ұзын болуы да допқа талас кезінде басымдық береді. Сондықтан кез келген команда құрамында кем дегенде екі-үш бойшаң ойыншының болғаны маңызды", – деді Баскетболдан қалалық қыздар құрамасының бапкері Амир Свеид.

Аяжанның бойы – спорттағы басты қаруы. Қазір ол осы артықшылығын тиімді пайдаланып, шеберлігін шыңдап, халықаралық деңгейде бақ сынауға дайындалып жүр.

Авторлар: Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай