78 жастағы Ақтөбе тұрғыны Алмаш Сабирова жалғыз ұлын іздеп жүр. 27 жыл бұрын үйінен шығып, қайта оралмаған жігіттен әлі күнге дейін хабар-ошар жоқ. Бірақ, ана жүрегі перзентінің тірі екеніне сенеді, деп хабарлайды "Астана" арнасы.
Руслан Шәмшәдинұлы 1999 жылы 22 наурызда дүкенге қант алуға шығып, қайта оралмапты. Ол кезде 30 жаста болған азамат биыл 57 жасқа толуға тиіс. Мамандығы — заңгер. Отбасының тұңғышы. Жоғалар алдында "Тұрғындар қалашығы" ауданында өз кафесін ашқан. "Үнемі бәріне көмектесіп жүретін еді" дейді анасы.
"Тірі екеніне сенімдімін, бірінші кездері жүрегім дүрсілдеп, тұла бойым дірілдеп, біреу өлтіріп тастады ма деп, сосын ойланып-ойланып, өлтіріп тастаса, ең болмағанда сүйегі табылады ғой", – дейді анасы Алмаш Сабирова.
Алмаш Сабирова полицияның табалдырығын талай тоздырған. Бармаған көріпкелі де қалмапты. Барлығы бір ауыздан "Ұлыңыз тірі" деуде. Бірақ сол сөзді растайтын бір хабар жоқ. Жылдар өтсе де, полиция іздеу жұмыстарын тоқтатқан емес.
"Ақтөбе облысы ПД 1969 жылы туылған Сабиров Руслан Шәмшәдинұлын іздестіруде. Аталған азамат 1999 жылы үйінен кетіп, қазіргі таңға дейін оның мекен-жайы, тұрғылықты жері анықталмаған. Іздестіру жұмыстары жалғастырылып жатыр", – дейді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.
Русланның ата-анасы әр таңды үмітпен атырады. Біреу құлдықта ұстап отыр ма, деп де күдіктенеді. Есіктің қоңырауы соғылса, елең етеді.
"Жаным, ботам! Үйге оралшы! Біз күнде күтумен отырмыз. Күнде күтумен отырмыз! Есік сытырласа болды, "сен шығар" деп жүгіреміз", – дейді Сабирова.
Айта кетейік, биыл өңірде 900 ден астам адам жоғалған. Оның жартысына жуығы — бала. Барлығы да табылған. Тек үш адамнан әзірге хабар-ошар жоқ.
