Гонконгта өтіп жатқан 2026 жылғы семсерлесуден әлем чемпионатында Қазақстанның ерлер құрамасы шпагамен командалық турнирде топ жарды, деп хабарлайды astana24.com тілшісі.
Еліміздің намысын Руслан Құрбанов, Кирилл Проходов, Вадим Шарлаимов пен Ерлік Сертай қорғады. Финалға дейін жеткенше олар Финляндия (45:39), Өзбекстан (28:27), Дания (45:36) мен Мысыр (41:32) құрамаларын жеңді.
Шешуші жарыста қазақстандықтар Украина спортшыларымен кездесті. Бесінші раундта Шарлаимов аяғын жарақаттап алып, медициналық көмекке жүгінді. Шпагашы өз жекпе-жегін жеңіспен аяқтағанымен, кейін оның орнына Құрбанов шықты.
Тоғыз жекпе-жектің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 45:40 есебімен жеңіске жетті. Украиналықтар күміс жүлдеге ие болса, қола медаль Мысыр өкілдеріне бұйырды.
Бұл – қазақстандық семсерлесу тарихындағы әлем чемпионатының алғашқы алтыны. Өткен жылы шпагашылар командалық сында қола жүлдегер атанған еді. Ал 2023 жылы Құрбанов жекелей сында үшінші орын алған болатын.
Сәрсенбіде қылыштасудан әйелдер арасындағы командалық жарыста да жүлделер сарапқа салынды. Қазақстан құрамасы 19-орынға тұрақтады. Венгриялықтар жеңімпаз атанып, қытайлықтар күміс, ал франциялықтар қола медаль иеленді.
