in

Бразилияны тізе бүктірді: дзюдодан Қазақстан кадеттер құрамасы аралас командалық жарыста топ жарды

Дзюдодан Қазақстан құрамасы Эквадорда өткен кадеттер арасындағы әлем чемпионатының аралас-командалық жарысында жеңімпаз атанып, тарихи нәтижеге қол жеткізді. Бұл туралы Қазақстан дзюдо федерациясына сілтеме жасаған astana24.com хабарлайды.

Дзюдо федерациясының баспасөз қызметінің мәліметінше, финалда Қазақстан құрамасы Бразилиямен кездескен.

Негізгі белдесулер 3:3 есебімен тең аяқталған соң жеңімпазды анықтау үшін қосымша белдесудің жеребесі тартылған. Жеребе бойынша -48 кг салмақ дәрежесі түсіп, шешуші кездесуде Иянат Жұбатқан Қазақстанға чемпиондық атақты сыйлаған.

Финалда Қазақстан сапында Расулхан Ғабит (-60 кг), Інжу Жұмажан (-63 кг), Бекали Еркен (-81 кг), Тоғжан Төлебай (+63 кг), Әділжан Жаудинов (+81 кг) және Иянат Жұбатқан (-48 кг) өнер көрсеткен.

Қазақстан құрамасы жарыс жолында Болгарияны 4:1 есебімен, ширек финалда Жапония құрамасын 4:2 есебімен, ал жартылай финалда Өзбекстан спортшыларын 4:2 есебімен жеңген.

Осылайша, Қазақстан құрамасы өз тарихында алғаш рет кадеттер арасындағы әлем чемпионатының аралас командалық жарысында жеңіске жетті.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасы жекелей жарыстарда да жоғары нәтиже көрсетіп, 3 алтын, 3 күміс және 4 қола – барлығы 10 медаль жеңіп алып, жалпы медаль кестесінде екінші орынға тұрақтады.