in

25 тамызда жаңа талаптар күшіне енеді: Алматы полициясы электрсамокат тебушілерге үндеу жасады

Алматыда электрсамокаттарға қатысты енгізілген жаңа талаптар бір күннен кейін күшіне енеді. Полиция 25 тамыздан бастап қала жолдарында қандай өзгеріс болатынын мәлімдеді, деп хабарлайды astana24.com қалалық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

25 тамыздан бастап Алматыда электрсамокаттарды пайдалануға қатысты жаңа талаптар күшіне енеді. Электросамокаттардың тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолдарымен жүруіне тыйым салынады.

Жолдың жүріс бөлігімен тек 18 жастан асқан, кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі және қорғаныш дулығасы бар азаматтарға жүруге рұқсат етіледі. Қараңғы уақытта жарық шағылыстыратын элементтерді пайдалану міндетті.

"Негізгі өзгеріс – электрсамокаттардың тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолдарымен қозғалуына тыйым салынады. Бұл ретте жолдың жүріс бөлігіне тек кәмелетке толған, кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі және қорғаныш дулығасы бар азаматтар ғана шыға алады", – деп атап өтті Әбдінұр Тасыбаев.

Жолаушылар мен жүктерді тасымалдауға тыйым салынады. Жаяу жүргіншілер өткелінен өткенде самокаттан түсіп, оны жаяу алып өту қажет.

Прокат электрсамокаттары тіркеу нөмірлерімен және міндетті сақтандырумен қамтамасыз етілуге тиіс. Кикшеринг компаниялары олардың техникалық жағдайын, жылдамдығы мен орналасқан жерін бақылауға міндетті.