in

Отбасы банк ауылдағы ағайынға жалдамалы үйді таңдау еркін береді

Бүгінде "Отбасы банк" АҚ баспаналы болуды қалайтын тұрғындар үшін түрлі тиімді тетік ұсынуда. Әсіресе үй кезегінде тұрған, пәтерге мұқтаж жандардың арманы орындалуы үшін оң бастамаларды қолға алып келеді. Сондай жаңашылдықтардың бірі – ауылдық елді мекендерде жалдамалы тұрғын үйді өтініш беру тәртібі арқылы бөлу.

Бұл ретте "Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы" цифрлық жүйесі жергілікті әкімдіктерден "Отбасы банкіне" берілген жалдамалы және несиелік тұрғын үйлерді тиімді әрі ашық бөлуге мүмкіндік беретінін атап өткен жөн. Аталмыш жүйе арқылы тұрғын үйді бөлу үдерісі автоматты түрде жүзеге асырылады. Соның нәтижесінде бір жыл ішінде тұрғын үйді бөлу көрсеткіші үш есе көбейді.

Ендігі ретте тұрғын үйлерді бөлу тетігі жаңғыра түспек. Бұған дейін үй кезегінде тұрған, халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарына жататын санат өкілдеріне баспаналар автоматты түрде бөлінетін. Яғни, кезегі келген кезде жүйе бос үйлерді үлестіріп беретін. Енді ауылдағы ағайынның өзі баспаналарды емін-еркін таңдауына мүмкіндік жасалмақ.

Тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұрған азаматқа өзі есепте тұрған елді мекендегі тұрғын үй нұсқалары ұсынылады. Солардың ішінен азамат "Баспана маркет" порталы арқылы өтініш беру жолымен өзіне қолайлы тұрғын үйді таңдай алады.

Ол үшін қолданыстағы ЭЦҚ болуы қажет. "Отбасы банк" ЭЦҚ-ның жарамдылық мерзімін алдын ала тексеріп, қолайлы тұрғын үй нұсқасын жіберіп алмау үшін порталдағы ақпаратты тұрақты түрде қадағалап отыруға кеңес береді.

Азамат тұрғын үйге өтінішті тек тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұрған елді мекендегі нысанға ғана бере алады.

Тұрғын үй нысаны таңдалғаннан кейін, аталған нысанға өтініш берген тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұрған азаматтар арасында оларды есепке қойылған күніне және отбасы мүшелерінің құрамына қарай ранжирлеу жүргізіледі. Сонымен қатар, банк отбасының соңғы алты айдағы табысын тексереді.

Егер азамат өзі таңдаған тұрғын үйге келісім берсе және тұрғын үй бөлінгеннен кейін, ол акиматқа барып, жалдау шартын жасасуы қажет. Тұрғын үйдің түрі мен шаршы метріне қарай ай сайынғы төлем мөлшері белгіленеді.

Мұндай тұрғын үйдің артықшылықтарының бірі – оны кейіннен жекешелендіру мүмкіндігі. Осылайша, азамат болашақта пәтердің меншік иесі бола алады.

“Отбасы банк” АҚ қарасты бірінші үймен қамтамасыз ету орталығының Қолдау басқармасының бастығы Дидар Күлпейісовтың айтуынша, жаңа жүйе арқылы баспаналарды тезірек бөлуге де мүмкіндік болады.

“Қыркүйек айында ауылдағы азаматтарға жалдамалы пәтер беру тәртібі өзгереді. Енді елді мекендерде тұратын баспанаға мұқтаж жандарға үйлер автоматтарды түрде үлестірілмейді. Оларға өз ауданы аумағындағы баспаналардың ішінен көңіліне жаққан үйді таңдау еркіндігі беріледі. Осы орайда тұрғын үй өзі тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұратын елді мекеннен ғана қарастырылатынын ескерген жөн”, – дейді ол.

Дидар Нұрланұлының айтуынша, осал топ санатына жататын тұрғындар баспананы таңдаған соң банк өкілдері отбасының соңғы жарты жылдағы табысын електен өткізеді. Тұрғын өзі қалаған үйді алуға келісім бергеннен кейін жергілікті әкімдікке барып, жалдамалы пәтер алуға қатысты келісімшарт жасайды. Соған сәйкес ай сайынғы төлем белгіленеді. Бір артықшылығы, сол баспананы кейін толығымен жекешелендіруге болады. Яғни, барлық жағдайы жасалған баспана үшін ай сайын қалтаға салмақ түсірмейтін жалдау ақысын төлей отырып, сол үйдің толыққанды иесі атануға мүмкіндік бар. Бұл пәтерге қолы жетпей жүрген жандар үшін өте қолайлы.

Жалпы, былтыр тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұрған 39 536 қазақстандық "Отбасы банк" арқылы баспаналы болған еді. Сол арқылы арманы орындалып, жылдар бойы күткен үйіне қол жеткізді. Ал осы жыл басынан бері тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұрған 10 854 азамат банктің несиелік бағдарламаларының көмегімен қоныс тойын тойлады. Сонымен қатар "Отбасы банк" АҚ ұлттық даму институты ретінде тұрғын үйге аса мұқтаж азаматтарға 15 511 жалдамалы пәтерді бөлді. Нәтижесінде олар жайлы әрі қауіпсіз тұрғын үйлерге көшті.

Айта кетейік, "Отбасы банк" ұсынып отырған, тұрғындардың жағдайын жақсарта түсетін жаңашылдықтар мұнымен шектелмейді. 1 қыркүйектен бастап ауылдардағы жалдамалы тұрғын үй өтініш беру тәртібімен бөлу жүзеге асырылады. Бұдан бөлек, тұрғын үй саласына қатысты тағы бірнеше бастама қолға алынбақ. Мәселен әкімдік тұрғын үйі апатты деп танылған азаматтарға жаңа баспананы коммуналдық тұрғын үй қорынан береді. Тағы бір өзгеріс – енді отбасы мүшелері ретінде ерлі-зайыптылар мен олардың балалары ғана емес, ерлі-зайыптылардың ата-аналары, немерелері және ата-ана қамқоршылары да отбасы құрамына енгізіле алады. Бала асырап алу, қорғаншылық немесе қамқоршылықтың күші жойылған жағдайда жетім балалар тұрғын үйге мұқтаждар есебіне алғаш қойылған күнін сақтап қалады. Тұрғын үйді бөлу кезінде енді пәтердің жалпы ауданы ғана емес, отбасы құрамы да ескерілетін болады. Оған қоса, енді банк азаматтың немесе оның заңды өкілінің келісімінсіз түгендеу жүргізе алады. Осы игі өзгерістер арқылы мемлекеттік қолдауға мұқтаж азаматтардың тұрғын үйді әділ алуын, баспаналарды бөлуді барынша түсінікті және ашық ету көзделіп отыр.

*Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 15 шілде №1.1.972.134 банк заңнамасында көзделген банктік және өзге де операцияларды жүргізуге арналған лицензиясы.