in

Ердоған Тоқаевты Түркиядағы маңызды кездесулерге шақырды

Мемлекет басшысы Түркия президентімен телефон арқылы сөйлесті. Режеп Тайип Ердоған Қасым-Жомарт Тоқаевты бір палаталы Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы табысты өтуімен құттықтады, сондай-ақ бірқатар маңызды кездесуге шақырды, деп хабарлайды Ақордаға сілтеме жасаған astana24.com.

Түркия президенті аталған тарихи уақиға Қазақстанның қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан одан әрі өркендеуіне септігін тигізеді деп санайды. Бұл ретте ол парламентаралық ынтымақтастықты жандандыруды ұсынған.

Қасым-Жомарт Тоқаев жылы лебіз білдіргені, сондай-ақ халықаралық ұйымдар құрамындағы түркиялық байқаушылар миссиясының белсенділігі үшін түрік көшбасшысына алғыс айтқан.

Мемлекет басшысы елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды реформалар озық, заманауи әрі әділетті Қазақстан құруға бағытталғанына назар аударған.

Әңгімелесу барысында мызғымас достық пен кеңейтілген стратегиялық серіктестік рухындағы екіжақты қарым-қатынастың даму қарқынына оң баға берілген.

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия президентінің биыл мамыр айында Астанаға жасаған мемлекеттік сапары аясында қол жеткізілген уағдаластықтардың маңызына тоқталған.

Сонымен қатар тараптар алдағы халықаралық іс-шаралар кестесін талқылаған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайип Ердоғанның биыл Түркияда өтетін жоғары деңгейдегі бірқатар кездесуге шақыруын ықыласпен қабыл алған.