ШҚО-да кәріз құдығындағы жұмыс кезінде есінен танып қалған екі жұмысшыны құтқарған полицейлер марапатталды, деп хабарлайды astana24.com.
ІІМ-нің Telegram-дағы Polisia.kz арнасында хабарланғандай, бүгін ШҚО мәслихатының кезекті сессиясында облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов адам өмірін құтқару барысында ерлік пен батылдық танытқан екі полицейге Құрмет грамоталарын табыстаған.
Бұл марапатқа Ұлан аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Нұрдәулет Тетепов пен жедел-криминалистикалық топтың криминалисі Әсет Нағашбаев ие болған.
"20 тамызда Қасым Қайсенов кентінде полицейлер кәріз құдығындағы жұмыс кезінде есінен танып қалған екі жұмысшыға көмек көрсетті.
Полиция капитаны Әсет Нағашбаевтың қырағылығы мен полиция майоры Нұрдәулет Тетеповтің батыл әрекетінің арқасында екі азамат дер кезінде құтқарылды", – делінген хабарламада.
Өңір басшысы тәртіп сақшыларының ерлігін, кәсібилігін және көмекке әрқашан дайын тұратынын атап өтіп, мұндай игі істер мен жоғары азаматтық жауапкершіліктің маңызына тоқталған.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін ШҚО-да кәріз құбырларын тазалау жұмыстары кезінде есінен танып қалған екі жұмысшыны полиция қызметкерлері құтқарып қалғанын жазған едік.
