in

Алматыдағы көліктерге экологиялық тексеру енгізіледі: нені білу керек

Бүгін, 1 қыркүйектен бастап Алматыда автокөліктердің экологиялық нормативтерге сәйкестігін анықтау үшін техникалық тексеру енгізіледі. Жаңа талаптың қалай жұмыс істейді? Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды, деп хабарлайды 31 арна.

LEZ жобасының үйлестірушісі Дулат Маратовтың айтуынша, жаңа талап бензин, газ және дизель отынымен жүретін көліктерге қатысты болады. Экологиялық техникалық тексеруден өту автокөліктің кезекті жоспарлы техникалық байқаудан өтуінің міндетті шартына айналады.

Маман екі рәсімнің бір-бірінен бөлек екенін атап өтті.

"Міндетті техникалық байқау автокөліктің жалпы жағдайын тексеруге бағытталған. Ал техникалық тексеру тек ҚР СТ 1433-2023 стандартына сәйкес шығарындылар деңгейін өлшеуге арналған. Бензинмен және газбен жүретін автокөліктерден пайдаланылған газдың уыттылығы, ал дизельді көліктерден түтін шығару деңгейі тексеріледі", – деді ол.

Яғни экологиялық техникалық тексеру техникалық байқауды алмастырмайды және оның құрамдас бөлігі болып саналмайды. Алайда жаңа талап күшіне енгеннен кейін шығарындыларды тексеруден өтпеген көлік жоспарлы техникалық байқаудан өте алмайды. Бұл ретте көлік иелеріне 1 қыркүйекке дейін техникалық тексеруден алдын ала өтудің қажеті жоқ. Жаңа тәртіп кезекті техникалық байқау мерзімі 2026 жылғы 1 қыркүйектен кейін келетін автокөліктерге ғана қолданылады.

Егер көлік 1 қыркүйекке дейін техникалық байқаудан өткен болса, берілген құжат белгіленген мерзімі аяқталғанға дейін жарамды болады. Қайта техникалық байқаудан немесе экологиялық тексеруден мерзімінен бұрын өтудің қажеті жоқ. 

Әдеттегі техникалық байқаудан бұрынғыдай кез келген қолданыстағы техникалық байқау орталығында өтуге болады. 

Ал шығарындылар деңгейін анықтайтын техникалық тексеру сертификатталған жабдықпен қамтылған, бірыңғай жүйеге қосылған аккредиттелген станцияларда ғана жүргізіледі.