in

ҚМА атынан жалған хат: қазақстандықтарға жаңа алаяқтық схема туралы ескертілді

Қазақстандықтарға алаяқтардың жаңа схеманы қолдана бастағаны туралы ескертілді – мемлекеттік органдарға Қаржылық мониторинг агенттігінің атынан жалған хаттар келіп түсуде, деп хабарлайды ҚМА-ға сілтеме жасаған astana24.com.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, алаяқтардың ҚМА атынан жалған ресми хаттарды тарату дерегі әлі де тіркеліп жатыр.

"Мемлекеттік органға жолданған хатта қаскөйлер тексеру жүргізіліп жатқанын алға тартып, азамат туралы мәліметтерді, соның ішінде оның мінездемесі мен өзге де ақпаратты сұратқан.

Бұған дейін де алаяқтар осыған ұқсас тәсілді қолданған. Олар жалған хаттарды жібергеннен кейін азаматтарға телефон немесе мессенджер арқылы хабарласып, өздерін ҚМА қызметкерлері ретінде таныстырған. Түрлі сылтаумен азаматтардың жеке және банк деректерін алуға тырысқан немесе ақша бопсалаған", – деп мәлімдеді агенттік.

ҚМА ескертеді:

"Бейтаныс адамдарға жеке және банк деректеріңізді бермеңіз, олардың нұсқауымен ақша аудармаңыз.

Күмән туындаған жағдайда ҚМА-нің 1458 нөмірлі Call-орталығына немесе +7 (7172) 70-84-79 телефоны арқылы Кезекші бөлімге хабарласыңыз", – деп ескертеді агенттік өкілдері.