Ресейдегі Красноярск өлкесінің солтүстігіндегі кенттердің бірінде аю автотұрақ күзетшісіне шабуыл жасады. Салдарынан күзетші қайтыс болды, деп хабарлайды Енисей округінің әкімдігіне сілтеме жасаған astana24.com.
Ведомство мәліметінше, кеше кешке Бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметке ІІМ кезекшісінен Потапово ауылы маңындағы жүк көліктері тұрағынан жансыз жатқан күзетші табылғаны туралы ақпарат түскен.
"Болжам бойынша, ер адамға аю шабуыл жасаған, қазір тергеу амалдары жүргізілуде", – деп мәлімдеді әкімдік.
Сонымен қатар жергілікті тұрғындарға аюлардың елді мекендерге жиі шығуына байланысты округте жоғары дайындық режимі енгізілгені туралы ескерту жасалды.
Азаматтарға орманға барудан бас тарту және түнде далаға шықпау ұсынылады.
Әкімдік қыркүйек айында 73 аюдың көзі жойылғанын, алайда жыртқыштардың адамдарға жақындап келгені туралы хабарламалар күн сайын тіркеліп жатқанын жеткізді.
Жергілікті тұрғындарға қауіп туралы ескерту жасалды.
РИА Новости ақпаратына сәйкес, Красноярск өлкесінде аюларға байланысты қауіп сейілмей тұр – тек бір аптаның ішінде әкімшілік орталықта жабайы аңдардың пайда болуына қатысты 100-ге жуық қоңырау түскен.
Аюларға қатысты мәселе Ресейдің басқа да өңірлерінде байқалып отыр.
Еске сала кетейік, ай басында Красноярск өлкесінде саңырауқұлақ теруге барған екі әйелді аю талап өлтіргенін жазған болатынбыз.
