People басылымының жазуынша, Синди Кроуфордтың 27 жасында қайтыс болған ұлының экс-ғашығы көңіл айтып, оның өмірді қатты сүйген, мейірімді әрі өте төзімді жан болғанын еске алды, деп хабарлады astana24.com.
Пресли Гербердің бұрынғы сүйіктісі, модель Лекси Вуд оның мезгілсіз қайтыс болғаны туралы хабардан кейін көңіл айтып, жазба жариялады. Супермодель Синди Кроуфорд пен бизнесмен Рэнди Гербердің ұлы 27 жасында Санта-Моникадағы оңалту орталығында көз жұмған еді. Полиция оқиғаны тергеп жатыр, алдын ала болжам бойынша, ол есірткіні артығынан қолдану салдарынан қаза тапқан, полицейлер марқұмның денесінен зорлық-зомбылық белгілерін таппады.
2022 жылдың соңында Преслимен қысқа уақыт жақын қарым-қатынаста болған Лекси Вуд әлеуметтік желіде мұрағаттық фотосуреттер мен бейнежазбалар топтамасын жариялады. Ол айырылысып кетсе де, олардың қарым-қатынасы қашан да берік достыққа негізделгенін алға тартты.
"Көптеген жыл бойы өмірімнің маңызды бөлігі болған адамды жоғалтудың қандай екенін сипаттауға сөз табу қиын. Преслиді жақсы көрген және Преслидің өзі жақсы көретін адамдардың барлығы оның ең мейірімді, ашық, сүйіспеншілікке толы және батыл жандардың бірі болғанын біледі. Ол өте терең әрі шынайы сүйді, керемет романтикалық әрі қамқор жан болды", – деп жазды Вуд.
Ол сондай-ақ кіші Гербердің ұзақ уақыт бойы менталдық мәселелермен және тәуелділікпен ашық күрескен кездегі төзімділігін атап өтті. Вудтың айтуынша, Пресли өз тәжірибесін сол жағдайға тап болған басқа адамдарға қолдау көрсету үшін пайдалануға шынайы ұмтылған.
Марқұмның отбасы осы ауыр кезеңде жеке өмірлеріне құрметпен қарауды сұрады. Өлімнің ресми себептері барлық қажетті медициналық сараптама жүргізілгеннен кейін жарияланады.
