in

Милад Карими алғаш рет Азия ойындарының жүлдегері атанды

Жапонияда өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарында қазақстандық гимнаст Милад Карими күміс медальға ие болды, деп хабарлайды astana24.com тілшісі.

27 жастағы спортшы еркін жаттығудан жекелей сындағы финалда өнер көрсетті. Ол жеті қарсыласынан кейін жарыс жолына шығып, бағдарламаны түйіндеді.

Милад Карими өрескел қателіктер жібермей, төрешілерден 14,600 ұпай алды. Бұл нәтиже оған екінші орынға тұрақтап, күміс жүлдегер атануға мүмкіндік берді.

Алтын медаль Париж-2024 Олимпиадасының чемпионы, филиппиндік Карлос Юлоға (14,666), қола медаль жапониялық Сёма Цукиямаға (14,566) бұйырды.

Милад Карими спорттық гимнастикадан Қазақстан құрамасына 2026 жылғы Азия ойындарындағы алғашқы жүлдені сыйлады. Спортшы 25 қыркүйекте кермедегі жаттығудан өтетін финалда да бақ сынайды.

Бұған дейін гимнаст Азия ойындарында жүлдегерлер қатарына ілікпеген еді. Оның еншісінде 2023 жылғы әлем чемпионатында еркін жаттығулардан алған қола медалі бар.