Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасы Қорғаныс министрлігінде мемлекеттік аудитті жүргізуді бастады, деп хабарлады astana24.com ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Қазақстан Жоғары аудиторлық палатасы Қорғаныс министрлігінде бюджет қаражатының пайдаланылу тиімділігіне, сондай-ақ әскери бөлімдердің материалдық-техникалық қамтамасыз етілуіне мемлекеттік аудит жүргізуді бастады", – делінген Жоғары аудиторлық палатаның Telegram-арнасында жарияланған ресми хабарламада.
Еске салсақ, мемлекет басшысының өкімімен Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіндегі істердің жай-күйіне кешенді тексеру жүргізу жөніндегі комиссия құрылған болатын.
Маңғыстаудағы әскери қызметшілердің қазасы
24 қыркүйекте Маңғыстау облысында ҚР Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде қайғылы оқиға болды. Каспий теңізінің жағалауында оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау барысында ауа райы күрт нашарлап, желдің күшеюі салдарынан әскери қызметшілерді теңізге алып кеткен.
Бастапқыда Қорғаныс министрлігі теңізге алып кеткен 19 әскери қызметшінің тоғызы қаза тапқанын хабарлаған болатын. Кейін Каспий теңізіне 17 әскери қызметші кетіп қалғаны, үшеуі аман, ал 14-і қаза тапқаны белгілі болды.
Бас прокуратура Ақтау гарнизонындағы оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Сондай-ақ әскери қызметшілердің қаза болу себептерін тергеп-тексеру бойынша үкіметтік комиссия құрылды.
Ақтаулық блогер Азамат Сәрсенбаев Маңғыстау облысында төтенше жағдай болған жерден видео жариялады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарына көңіл айтты.
Артынша, мемлекет басшысы 25 қыркүйекті республика бойынша жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
Сонымен бірге қайғылы жайт салдарынан қайтыс болғандардың есімі де жарияланды.
Мемлекет басшысының өкімімен Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіндегі істердің жай-күйіне кешенді тексеру жүргізу жөніндегі комиссия құрылды.
