ОҚҚ-да өткен брифингте еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев қазақстандықтардың әл-ауқат деңгейі бойынша А және В санатына жататынын қалай анықтауға болатынын түсіндірді, деп хабарлайды astana24.com.
Асқарбек Ертаевтың айтуынша, үй шаруашылықтарын А және В санаттарына жатқызу кезінде материалдық әл-ауқатының белгіленген екі немесе одан да көп белгісі ескеріледі.
Оның түсіндіруінше, А санаты – әл-ауқат деңгейі жоғары отбасылар.
Бұл санатты анықтау үшін белгілердің кемінде екеуі қатар болуы қажет. Бір адамға шаққандағы айлық кірісі 356 мың теңгеден басталса, жалпы ауданы 120 шаршы метрден асатын бірнеше тұрғын үйі болса, ірі бизнесі және люкс санатындағы автокөлігі болса әл-ауқаты жоғары деңгейдегі отбасыға жатады. Ауыл шаруашылығымен айналысатындар үшін 300 гектардан астам ауыл шаруашылығы жерінің болуы да ескеріледі. Бұл санатқа 329 мың немесе 5 пайыз үй шаруашылықтары жатады.
В санатын анықтау кезінде отбасының әр мүшесіне шаққандағы айлық табыстың 305 мыңнан 356 мың теңгеге дейін болуы, бір адамға шаққанда 60-120 шаршы метр аумаққа сәйкес келетін бірнеше жылжымайтын мүлік нысанының, премиум санатындағы автокөліктің және орта бизнестің болуы ескеріледі.
Сонымен қатар жүк көлігі, ауыл шаруашылығы техникасы және 50-300 гектар аралығындағы жер учаскелері есепке алынады.
Министрдің мәліметінше, В санатына шамамен 1 млн үй шаруашылығы немесе 16 пайызы жатады.
"Республикалық бюджет қаржыландыратын 36 түрлі жәрдемақының тек 14 түріне ғана мұқтаждық критерийі енгізіледі. Олардың қатарында балалы отбасыларға берілетін жекелеген төлемдер, мүгедектікке, күтімге, асыраушысынан айырылуға байланысты жәрдемақылар, жерлеуге берілетін төлемдер және арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар бар.
С, D және Е санатындағы отбасылар аталған төлемдерді алу құқығын сақтайды.
А және В санатындағы отбасылар үшін бұл төлемдерді алу мүмкіндігі шектеледі. Қалған 22 түрлі жәрдемақы бұрынғы тәртіппен тағайындалады", – деді спикер.
