Астанада адасып кеткен екі бала ауқымды іздестіру жұмыстарының нәтижесінде аман-есен табылды, деп хабарлайды елордалық ПД-ға сілтеме жасаған astana24.com.
Ведомствоның мәліметінше, полицияға 11 және 14 жастағы екі баладан хабарлама келіп түскен. Балалар елорданың шетіндегі ашық далада адасып кеткендерін және көмекке мұқтаж екендерін айтқан.
Анықталғандай, балалар биік шөп пен қалың өсімдіктер өскен ашық аумақ арқылы қалаға қарай бет алған. Алайда жол бағдарынан жаңылып, өз беттерінше жол таба алмаған.
"Іздестіру жұмыстарын ұйымдастыру үшін 200-ден астам полиция қызметкері, Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері, Ұлттық ұланның әскери қызметшілері мен еріктілерден құралған топ жасақталды. Іздестіру шараларына қызметтік іздестіру иті мен арнайы техника да жұмылдырылды.
Іздестіру тобы айналадағы аумақты және балалар болуы мүмкін жерлерді тексерді.
Жүргізілген іздестіру жұмыстарының нәтижесінде екі бала да табылып, ата-аналарына аман-есен тапсырылды", – делінген хабарламада.
Полиция кәмелетке толмаған балалардың заңды өкіліне қатысты әкімшілік шаралар қабылданғанын мәлім етті. Ол балаларды тәрбиелеу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауаптылыққа тартылған.
Сондай-ақ полиция қызметкерлері балалармен профилактикалық әңгіме жүргізген.
"Полиция ата-аналарды балалардың қауіпсіздігіне бейжай қарамауға, олардың қайда жүргенін және қозғалыс бағыттарын біліп отыруға, сондай-ақ бейтаныс жерлерде өзін-өзі ұстау ережелерін балаларына үнемі түсіндіріп отыруға шақырады", – делінген хабарламада.
