in

"Оқушылар күш қолданады, әкімшілік мұғалімге қысым жасайды": Тоқаев мектептердегі мәселелерді көтерді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында мұғалімдерге жасалатын қысым туралы айтты, деп хабарлайды Ақордаға сілтеме жасаған astana24.com.

Мемлекет басшысы жолдауында қоғамда оқу-ағарту саласындағы реформаларға қатысты түйткілдер көп талқыланып жүргеніне назар аударды.

"Жалпы, әр өзгеріс мұғалімнің жұмысын жеңілдетуге, оның қызметіндегі артық жүктемені азайтуға бағытталуы керек. Іс жүзінде бұл міндет толық орындалмай жатқаны жасырын емес. Бұрын қағазбастылық көп еді. Енді оның орнын түрлі платформаларға, цифрлық жүйелерге енгізілуге тиіс есептер басып отыр", – деді президент.

Мемлекет басшысы ұстаздың негізгі миссиясы – балаға сапалы білім беру, яғни сауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу екенін еске салды.

"Бұл міндеттерді орындауға кедергі келтіретін басы артық жұмысты доғару керек. Біз мұғалімдердің абырой-беделін қорғауымыз қажет. Соңғы уақытта мектептерде оқушылар ұстаздарына дөрекі сөйлеп, тіпті, күш қолданатын жағдайлар да аз емес.

Мұндай кезде көбінесе мектеп әкімшілігі де мұғалімге қысым көрсетіп жатады. Бұл – дұрыс емес", – деді Қасым Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, әр мәселе мұқият әрі жан-жақты қаралуға тиіс.

"Кез келген жағдайға отбасы да, оқушы да, ұстаз да, мектеп те – бәрі де бірдей жауапкершілікпен қарауы керек. Оқу-ағарту министрлігі бұл жұмысты жіті назарда ұстауы қажет", – деді мемлекет басшысы.