Америкалық актер Уолтер Кениг 90 жасында Лос-Анджелесте туыстарының ортасында дүниеден озды, деп жазды Variety-ге сілтеме жасаған astana24.com.
Лос-Анджелесте 91 жасында "Звездный путь" ("Star Trek: The Original Series") фантастикалық сериалындағы штурман Павел Чехов рөлі арқасында әлемге әйгілі болған актер Уолтер Кениг қайтыс болды. Әртістің өкілдері оның Солтүстік Голливудтағы өз үйінде қызы мен жиенінің ортасында көз жұмғанын хабарлады.
Кенигтің кейіпкері жас аудиторияны тарту үшін түпнұсқа шоуда пайда болды, ал оның шаш үлгісі The Monkees тобының музыканты Дейви Джонстың бейнесіне ұқсатылып жасалған болатын. Актер франшизаның жеті толықметражды картинасында, соның ішінде "Звездный путь 2: Гнев Хана" культтік лентасында Чехов рөлін сомдады, сондай-ақ көптеген бейнеойында кейіпкерді дыбыстады. 1970 жылдардың басында шағын бюджетке байланысты Чехов анимациялық сериалға енгізілмеді, алайда Кениг оның эпизодтарының біріне сценарий жазды.
Star Trek әлемінен басқа, Кениг көрермендерге Джозеф Майкл Стражинскидің "Вавилон-5" культті сериалындағы телепат Альфред Бестер рөлімен есте қалды. Бірнеше онжылдыққа созылған шығармашылық мансабы барысында әртіс "Коломбо", "Неприкасаемые" сериалдарында түсті, театр режиссері ретінде өнер көрсетті және Лос-Анджелестегі Калифорния университетінде (UCLA) актерлік курстарды жүргізді. Сондай-ақ ол мемуарлар мен фантастикалық романдарды қоса алғанда, бірнеше кітап жазды. Соңғы жұмыстарының бірі 2026 жылы Independent Shorts Awards кинофестивалінде марапатқа ие болған "Мистер Флейшман" қысқа метражды фильміндегі басты рөл болды.
