Алматы әкімдігі күн райының нашарлауына байланысты қала тұрғындарына үндеу жасады. Мегаполисте нөсер жауып, қатты жел соғады деп күтілуде, деп хабарлайды astana24.com әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, 27 қарашада қалада ауа райы нашарлайды.
Қазгидрометтің болжамы бойынша, сағат 2:00-ден 19:00-ге дейін жауын-шашын түседі. Оның жалпы көлемі 13-16 мм болады, желдің екпіні секундына 13 метрге жетуі мүмкін. Ауа температурасы түнде 3-5 градус, күндіз 5-7 градус болады.
"Кей жерлерді су басудың алдын алу және жою үшін 85 жедел бригада кезезшілік етеді. Олардың құрамында 1 579 жол жұмысшысы бар, 415 техника, 97 мотопомпа және 5 мыңға жуық құм салынған қап дайындалды.
Су жиналуы мүмкін орындарға ассенизаторлар қойылады. Сонымен қатар дислокация орындарында қосымша 200 аралас жол машинасы, оның ішінде 185 құм шашқыш пен 15 JetBroom машинасы дайын", – деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.
Коммуналдық қызметтен бір тәулікте 3 250 жол жұмысшысы мен 1 225 арнайы техника шығады. Көше-жол желісінің тазартылуын бақылау бойынша тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылады.
Синоптиктердің болжамы бойынша, 28 қарашаға қараған түні жауын-шашын әлі де сақталады. Күндіз ауа температурасы 6-8 градус болады.
"Алматы тұрғындары мен қонақтарына сапарын жоспарлау кезінде ауа райын ескеру, жолдар мен тротуарларда сақтық таныту ұсынылады. Жүргізушілерге қауіпсіз жылдамдықпен жүру, қашықтықты сақтау және көріну мүмкіндігінің нашарлауы мүмкін екенін ескеру қажет", – деп хабарлады әкімдіктегілер.
