in

Азиада-2026: Аянат Жұмағали ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасының қоржынына алғашқы медальді салды

Жапонияның Айти-Нагоя аймағында өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарында қазақстандық ауыр атлет Аянат Жұмағали вице-чемпион атанды, деп хабарлады astana24.com тілшісі.

19 жастағы спортшы 77 килограмға дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсті. Ол жұлқа көтеруде 109 килограмм, ал серпе көтеруде 137 килограмм нәтиже көрсетті. Екі сайыстың қорытындысы бойынша оның көрсеткіші – 246 килограмм.

Жұмағали екінші орынды иеленді, ол тек қытайлық Хэ Жэньсюден (258 килограмм: 118+140) қалып қойды. Қола медаль ирандық Рейхана Каримиге (243 килограмм: 107+136) бұйырды.

Жұмағалидің бұл жүлдесі – Қазақстан ауыр атлетика құрамасының 2026 жылғы Азия ойындарындағы алғашқы медалі. Әйелдер арасында бұл спорт түрінен Қазақстан құрамасы 12 жыл бойы, яғни 2014 жылғы Инчхон ойындарынан бері медаль алмаған еді.

Сондай-ақ жексенбі күні 69 килограмға дейінгі салмақ дәрежесінде қазақстандық Арай Нұрлыбекова өнер көрсетті. Ол екі сайыстың қорытындысы бойынша 216 килограмды (98+118) бағындырды.

Бұл салмақта Солтүстік Корея өкілі Сон Гук Хян чемпион атанды. Ол жұлқа көтеруде, серпе көтеруде және екі сайыстың қорытындысы бойынша 273 килограмм (121+152) нәтижемен жаңа әлемдік рекордтар орнатты. Күміс жүлдені Қытай Тайбэйінен келген Чэнь Вэньхуэй (232 килограмм: 106+126), ал қоланы Бахрейн спортшысы Ингрид Груэсо (229 килограмм: 101+128) иеленді.